Мүгедектігі бар қазақстандықтар салық жеңілдігін бірнеше жұмыс берушіден қатар ала алады
Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтарға берілетін жеке әлеуметтік салық шегерімін енді бірнеше жұмыс беруші арқылы қатар қолдануға болады. Бұл мәселені Мемлекеттік кірістер комитеті ресми сауалға берген жауабында түсіндірді.
Бұған дейін салық шегерімдерін бірнеше жұмыс орнында қатар қолдануға бола ма деген мәселе бухгалтерлер арасында пікірталас тудырып келген. Себебі қолданыстағы нормаларда базалық салық шегерімін тек бір салық агентінен алу нақты көрсетілген. Ал әлеуметтік шегерімге қатысты мұндай тыйым қарастырылмаған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, 2026 жылғы 8 шілдеде Жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңестің отырысында әлеуметтік салық шегерімін екі немесе одан да көп салық агентінде бір мезгілде қолдануға мүмкіндік беретін тәсіл мақұлданған.
Қанша мөлшерде салық шегерімі беріледі?
Жеке әлеуметтік салық шегеріміне қатысты негізгі нормалар Салық кодексінің 401 және 404-баптарында белгіленген.
Оларға сәйкес:
- I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға – күнтізбелік жылға 5000 АЕК мөлшерінде шегерім беріледі;
- III топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға, сондай-ақ шетелдегі соғыс қимылдарының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне – жылына 882 АЕК мөлшерінде шегерім қарастырылған.
Сонымен қатар мүгедектігі бар баланың ата-аналарына, қамқоршыларына, қорғаншыларына, асырап алушыларына және патронат тәрбиешілеріне де әлеуметтік салық шегерімі беріледі.
Мұнда маңызды ерекшелік бар: шегерім мөлшері отбасыға емес, әр балаға жеке есептеледі. Ал бала кезінен мүгедектігі бар деп танылған адамға қатысты бұл құқық өмір бойы сақталады.
Алайда кейбір жағдайларда мұндай шегерім берілмейді. Мәселен, интернаттарда, балалар үйлерінде және медициналық ұйымдарда қызметтік міндетіне байланысты балаға қамқоршы болған қызметкерлер бұл жеңілдікті пайдалана алмайды. Сондай-ақ мүгедектігі бар баланың ата-анасымен некеге тұрған жаңа жұбайға да бұл шегерім қарастырылмаған.
Бірнеше жұмыс орнында қалай қолдануға болады?
Мүгедектігі бар азамат бір уақытта бірнеше компанияда жұмыс істесе, әлеуметтік салық шегерімін олардың әрқайсысында қолдана алады.
Ол үшін жұмыс берушілерге тиісті өтініш беріп, жалпы белгіленген лимит шегінде әр жұмыс орнында қолданылатын шегерім мөлшерін көрсетуі керек.
Мысалы, I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамның жылдық лимиті 5000 АЕК болса, ол бір жұмыс берушісіне 3000 АЕК, екіншісіне 2000 АЕК көлемінде шегерім қолдануды сұрай алады.
Бұл ретте барлық жұмыс берушілер бойынша қолданылған шегерімнің белгіленген шектен аспауын бақылау азаматтың өзіне жүктеледі.
Лимиттен асып кетсе не болады?
Салық шегерімін бірнеше жұмыс орнында қатар пайдалану мүмкіндігі берілгенімен, белгіленген шектен асыруға болмайды.
Мемлекеттік кірістер органдары жұмыс берушілер тапсырған салық есептілігі арқылы азаматтың әр жерден алған табысы мен қолданылған шегерімдерін салыстыра алады. Егер жалпы шегерім белгіленген мөлшерден асып кеткені анықталса, бұл сәйкессіздік камералдық бақылау барысында тіркеледі.
Мұндай жағдайда бірден айыппұл салынбайды. Салық органы салық төлеушіге сәйкессіздікті түзету туралы хабарлама жібереді.
Хабарламаны алған күннен кейінгі күннен бастап оны орындауға 30 жұмыс күні беріледі.
Егер екі жұмыс беруші арқылы шегерім қолданылып, лимиттен асып кетсе, түзету салық есептілігін жұмыс берушілердің бірі тапсырады. Оны қай жұмыс беруші жасайтынын азаматтың өзі таңдай алады және тиісті өтініш береді.
Осылайша, жаңа түсіндіру мүгедектігі бар бірнеше жерде қатар жұмыс істейтін қазақстандықтарға салықтық жеңілдікті заң аясында тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Ең бастысы – барлық жұмыс орындарында қолданылатын шегерімдердің жалпы сомасы белгіленген жылдық лимиттен аспауы тиіс.

Фото: Ашық дереккөз












