«Рассрочканың» болашағы не болмақ?
Реттеуші органдар «рассрочка» нарығын реттегісі келеді
Ұлттық банк пен ҚНРДА неден қауіптеніп отыр? Дүкендер мен маркетплейстер, BNPL-провайдерлер беретін «рассрочкалар» оларды несімен алаңдатады? Бұл — бөліп төлеу жүйесі «құрдымға» кетеді деген сөз бе? Тақырып өте актуал. Қоғамдық талқылауға шығарылған құжат нарыққа не ұсынғысы келеді? @qarzhylyq_sauat бұл материалында әр адам біліп жүруге тиіс дүниелерді қамтып отыр. Оның мәнісін білмей, дүкендер мен маркетплейстер ұсынатын «рассрочканы» өте абайлап алған жөн.
Қазір дүкен араласаң да, интернеттен бірдеңе сатып алсаң да «бөліп төлеу» әдісіне арқа сүйеп тұрасың. «Қазір ал да кейін төле» деген сервистер күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып кетті. Тіпті соңғы жылдары несие беру талаптары күшейген сайын халық осы әдіске жиі жүгінетіндей.
Статистика не дейді?
2025 жылы тұтыну несиелерінің құрылымында «рассрочкалардың» үлесі 19%-ке жеткен (салыстыру үшін айтсақ: 2022 жылы бұл көрсеткіш 14,7% еді). Ал қазір Қазақстандағы барлық қарыз алушылардың 63%-і осы BNPL сервистерді тұрақты пайдаланады екен.
Осылай өсіп жатқан нарықтың артында нендей қатер тұр? Бұл мәселемен қазір Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айналысып жатыр. Реттеуші орган дегеніміз осылар еді.
BNPL деген не?
«Buy Now, Pay Later». Өзіміздің тілге салсақ: «Қазір ала бер, кейін төлейсің».
Ол банк немесе микроқаржы ұйымы рәсімдейтін «рассрочка» емес. BNPL-сервисте тұтынушы қаржы ұйымына бармай-ақ сатушының өз есебінен немесе арнайы провайдерлер арқылы тауарды бөліп төлеуге ала береді.
Сонда мәселе неде?
Мәселе — бұл қарыздың көзден таса қалатынында. Яғни мұндай «рассрочкалар» көбіне азаматтың жалпы кредит тарихында көрінбейді. Адам бір жерден бөліп төлеуге телефон алуы мүмкін, екінші жерден киім алады, үшінші жер өзінің ішкі «рассрочкасымен» тұрмыстық техника ұстатып жібереді.
Ал банктер несие берер кезде сол клиенттің қарыз жүктемесін көре алмайды. Яғни адамның ай сайынғы табысына түсетін салмақ оның айлық табысынан асып кетсе де, клиент банк көзіне сырттай «таза» көрінеді.
Сосын оған банк немесе микроқаржы ұйымы «ее, мына клиент таза, салмақ салар басқа қарыздары жоқ екен» деп өзінің несиесін «іледі», ақыр соңында өз әлеуетін бағалай білмеген клиент үлкен қарыздың ортасында қалады. Түсіндіңіз бе, реттеуші органдар осы мәселеге алаңдап отыр.
Заңдық айырмашылығы
Бәріміз білеміз, банктер мен МҚҰ беретін несиелер заңмен реттеледі. Ал дүкендер мен маркетплейстер, BNPL-провайдерлер беретін «рассрочкалар» кәдімгі азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде жүреді.
Айырмашылығы мынада: ертең азаматтың тұрмыстық жағдайы нашарлап, соттан тыс банкроттыққа жүгінсе, банктер мен МҚҰ алдындағы қарыздары заң бойынша есептен шығарылуы мүмкін. Ал әлгіндей «рассрочкалар» бұл тізімге кірмейді.
Яғни, адам ресми түрде банкрот болса да, бұл қарыздар оның мойнында қала береді. Жойылмайды. Оның үстіне, қазір бұл нарыққа тек ұсақ тауарлар ғана емес, көлік, жылжымайтын мүлік немесе «жалға алып, кейін сатып алу» схемалары да кіріп жатыр. Әрі қарай ойлай беріңіз.
Брокерлер де бақылаусыз
Соңғы уақытта банктер кредит беру талаптарын күшейткенін білеміз. Жалпақ тілмен айтқанда, ресми табысы жоқ немесе қарызы басынан асатын азаматтарға ақша беруді тоқтатты.
Осы құбылысты өз пайдасына асырып жүрген «көмекшілер» де табылып қалып жатады. Олар өзін кредит брокеріміз, кеңесшіміз дейді.
Сонда не істейді? Банктердің шектеуін айналып өтіп, осындай бақылаусыз «рассрочкаларды» рәсімдеп беруге көмектеседі. Кәдімгідей, бизнеске айналдырып алған ғой. Өз қызметіне ортадан ақша ұстайды. Бір сөзбен айтқанда, халықтың қарызға батуына олар да үлес қосып отыр.
Ұлттық банк не ұсынғысы келеді?
Бір нәрсе анық — бұл бағытқа толық тыйым салынбайды. Күн тәртібінде ондай мәселе жоқ. Реттеуші орган өмірде бар әдістердің артықшылығын сақтап, тұтынушыны қорғай отырып нарықты ретке келтіруді көздейді.
Нақты айтқанда:
▪️BNPL мен «рассрочкалар» бойынша барлық мәліметті кредиттік бюроларға беру.
Мұндай міндетті талаптың мақсаты — банктер клиенттің барлық қарызын көруі керек.
▪️Клиенттің шынайы төлем қабілетін тексеру
▪️Мәміленің толық құны мен шарттарын ашық ету
▪️Шамадан тыс айыппұл мен өсімпұлға шектеу қою.
▪️Қаржылық кеңесшілер мен кредит брокерлерін лицензиялау және қатаң қадағалауға алу.
Бұл талап қашан орнайды?
Иә, әзірге бұл ережелер түпкілікті қабылданған жоқ. Ұлттық банк құжатты дискуссия форматында жариялап, 3 қарашаға дейін қоғамдық талқылауға шығарды.
Егер бұл өзгерістер мақұлданар болса, көзге көрінбейтін оңай «рассрочкалар» көзден бұлбұл ұшуы мүмкін. Қайдан қарыз алсаң да бәрі кредит тарихыңда «менмұндалап» тұрады. Иә, ол кезде мойнында бірнеше қарызы бар адамға жаңа несие алу оңай болмасы анық. Бірақ мұның бәрі азаматтар қарызға белшеден батпас үшін жасалып жатқан шара екенін ескерсек, құптамасқа лаж жоқ. Оның үстіне, банкрот болсаң да, мойныңда қалып қоятын қарыздың несі жақсы?! Кімге абырой? Бұл тұрғыдан қарағанда, заң да, тәртіп те керек-ақ.
Жазба «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» телеграм парақшасынан алынды













