Ауыл аманаты: Тіршілігін түлеткен кәсіпкер
Ауылдағы шағын кәсіптің үлкен іске айналуы үшін кейде мүмкіндік пен қолдау жеткілікті. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында өз кәсібін ауласындағы шағын егістіктен бастаған Наурызбек Айымбетов бүгінде жылыжай шаруашылығын дамытып, жылдық өнім көлемін 20 тоннаға жеткізіп отыр.
Бұл – «Әділет» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарының кәсібін дамытуға берілген мүмкіндіктің нақты нәтижесін көрсететін мысалдардың бірі.

Наурызбек Айымбетов кәсібін 2019 жылы бастаған. Алғашқы кезде өз ауласындағы шағын жерге егін егіп, жылына 3-4 тонна шамасында қияр өнімін өндірген. Кәсіпті үлкейтуге мүмкіндік болғанымен, қажетті құрал-жабдық пен қаржы мәселесі негізгі кедергілердің бірі болған.
2023 жылы кәсіпкер үшін жаңа мүмкіндік ашылды. Ол «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 3,9 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, жылыжайға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды. Осыдан кейін өндіріс көлемін арттыруға жол ашылды.
Бүгінде бастапқы 3-4 тоннадан басталған кәсіптің жылдық өнім көлемі 20 тоннаға дейін жетіп отыр. Қияр мен қызанақ және Болгар бұрышын өндіріп отырған кәсіпкер өнімін жергілікті тұрғындарға ұсынады.
Кәсіптің тағы бір маңызды нәтижесі – екі адамның тұрақты жұмыспен қамтылуы. Яғни шағын ауладағы егістіктен басталған іс бүгінде тек отбасының табыс көзі ғана емес, ауылдағы адамдарға жұмыс беріп отырған отбасылық бизнеске айналды.
«Кәсібімді алғаш 2019 жылы өз ауламдағы егістіктен бастадым. Ол кезде жылына 3-4 тонна шамасында қияр өндіретінбіз. 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 3,9 млн теңге жеңілдетілген несие алып, жылыжайға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдық. Бұл бізге өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде өнім көлемі 20 тоннаға жетті. Ең бастысы – кәсібіміз отбасылық іске айналып, екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз», – дейді «Аимбетов» ЖК төрағасы Наурызбек Айымбетов.
Кәсіпкердің айтуынша, ауылдағы бизнестің дамуы үшін қаржылай қолдаумен қатар, жер, су және инфрақұрылым мәселелерін шешудің де маңызы зор.
Ал «Ауыл аманаты» жобасының мәні де осында – ауыл тұрғынына дайын жұмыс ұсынумен ғана шектелмей, өз кәсібін бастауға және бар кәсібін кеңейтуге мүмкіндік беру. Жоба ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

Наурызбек Аймбетовтың кәсібіндегі өзгеріс – осы мүмкіндіктің нақты көрсеткіші. 3 тоннадан басталған өнім көлемі 20 тоннаға жетті, шағын кәсіп отбасылық бизнеске айналды, екі адам жұмыспен қамтылды.
Ауылдағы кәсіпке берілген қолдаудың нәтижесі – осындай нақты көрсеткіштерден көрінеді.












