Цифрлық қоғамға бастар жол — сапалы интернет пен қолжетімді технология
«Әділет» партиясынан партиялық тізім бойынша Қызылорда облыстық мәслихаты депутаттығына үміткерлер Руслан Рүстемов, Ержан Искендер және Бақтияр Сыздықов «Қазақтелеком» АҚ Қызылорда филиалының ұжымымен кездесті. Жиында партияның 2026–2031 жылдарға арналған республикалық және Қызылорда облысын дамытуға бағытталған өңірлік сайлауалды бағдарламалары таныстырылып, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру, интернет сапасын арттыру және заманауи технологиялардың қолжетімділігін кеңейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Байланыс саласының мамандарымен өткен кездесуде цифрландырудың өңір үшін маңызына ерекше назар аударылды. Өйткені сапалы интернет – бүгінгі таңда тек ақпарат алмасу құралы емес, білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік пен мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыратын маңызды инфрақұрылым.
Руслан Рүстемов партияның республикалық бағдарламасында цифрлық теңсіздікті жоюға және ауыл мен қала тұрғындарына тең мүмкіндік қалыптастыруға басымдық берілгенін атап өтті.
«Әділет» партиясының көздеп отырған мақсаты – цифрлық мүмкіндіктерді тек ірі қалалармен шектемей, еліміздің әрбір елді мекеніне жеткізу. Республикалық бағдарламада ауыл тұрғындарының 97 пайызын интернетпен қамту, барлық елді мекенге кеңжолақты байланыс тарту міндеттері белгіленген. Бұл әсіресе шалғай ауылдар үшін маңызды. Себебі сапалы интернет арқылы ауыл баласы қашықтан білім алады, тұрғындар медициналық кеңес пен мемлекеттік қызметтерді пайдаланады, кәсіпкерлер өз өнімдерін онлайн нарыққа шығара алады», – деді ол.

Бұл бағыттағы міндеттер Қызылорда облысының өңірлік сайлауалды бағдарламасында да көрініс тапқан. Атап айтқанда, алдағы бес жылда білім беру ұйымдарын 100 пайыз жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету көзделген. Бұл – ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасын арттыруға, оқушылардың заманауи білім ресурстарына тең қол жеткізуіне мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Ержан Искендер өңірлік бағдарламаның бұл бағыты білім беру саласындағы цифрлық мүмкіндіктерді кеңейтумен қатар, ауылдық аумақтардың дамуына да серпін беретінін айтты.
«Қызылорда облысы үшін елді мекендерді сапалы байланыспен қамту – стратегиялық маңызы бар мәселе. Әсіресе ауыл мектептерінің жоғары жылдамдықты интернетке қосылуы балалардың білім алу мүмкіндігін кеңейтеді. Мұғалімдер үшін де жаңа әдістемелер мен цифрлық білім платформаларын пайдалану жолы ашылады. Сондықтан республикалық бағдарламадағы интернет инфрақұрылымын дамыту міндеттері өңірлік деңгейдегі нақты мақсаттармен толықтырылып отыр», – деді үміткер.

Республикалық бағдарламада бұл бағыттағы инфрақұрылымдық жобалар да қамтылған. Атап айтқанда, Каспий теңізінің табанынан суасты оптикалық-талшықты кабель тарту, «Батыс – Шығыс» гипермагистралін салу, шалғай және шекара маңындағы ауылдарды спутниктік байланыспен қамтамасыз ету жоспарланған. Сондай-ақ KazSat-3 спутнигінің орнын басатын жаңа ғарыштық байланыс жүйесін дамыту көзделген.
Ал Бақтияр Сыздықов цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллект технологияларын меңгеру алдағы жылдардағы маңызды басымдықтардың бірі болатынын жеткізді.
Кездесу барысында үміткерлер алдағы бес жылда жалпы барлық салаға қатысты партияның ықпал етуге бағытталған басымдықтарын кеңінен таныстырып, ұжым мүшелерін 29 қараша өтетін сайлауға белсене қатысып, «Әділет» партиясына дауыс беруге шақырды.
Тапсырыс беруші: Базартай Ж.Н.
Қызылорда облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді
Фото: «Әділет» партиясының облыстық филиалы












