Еуропа төрінде – Сырдың сазы
Еуропаның Финляндия, Эстония және Испания мемлекеттерінде Қызылорда облысының өнер күндері өтті.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен ұйымдастырылған осы өнер сапары барысында Еуропа жұртшылығы Наурыз мерекесінің тарихи және мәдени маңызы туралы мол ақпаратқа қанықты. Сапардың мақсаты да осы, яғни қазақ халқының ұлттық мұрасын әлем жұртшылығына таныстыру, шығармашылық ұжымдармен тәжірибе алмасу болатын.
Сыр елінің шығармашылық сапары «NAURYZ – CELEBRATION OF SPRING» атауымен Испанияның Мадрид қаласында қорытынды кеш беруімен аяқталды. Қазақтың дәстүрлі музыкасы мен ұлттық өнерін ұлықтап жүрген Сыр өнерпаздары еуропалық көрерменді мерекелік бағдарламасымен таңдай қақтырды.
Әлем өнерінің алтын дәуірін қалыптастырған байрақты елге өнер сапарымен келген шығармашылық ұжымның мерекелік концерті «Жарапазан» жырымен басталды. Еуропалық көрерменге қазақтың игі дәстүрімен шашу шашылып, тойдың басы «Тойбастар» әнімен жалғасты. Наурыз думанға қатысқан қала тұрғындары мен қонақтары, диаспора мүшелері, қазақстандық және шетелдік студенттер ұлттық қазақ музыкасымен және дәстүрлерімен терең танысуға мүмкіндік алды.
Ел мұрасын ұлықтап, қазақ дәстүрін жаңғыртқан концертке ұлттық музыканың жауһарларын төрткүл дүниеге танытып жүрген «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі (Жетекшісі Нұрғиса Нұрбай), Сыр елінің өнер мен мәдениет өкілдері «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Руслан Ахметов, «Құрмет» орденінің иегерлері Шолпан Бимбетова, Самал Байсейтова, Мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ноғайбаева, Марат Сүгірбай, айтыскер-ақын Мұхтар Ниязов, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Бағдәулет Қарғабаев, Сымбат Тасбергенова, Мағжан Аманжолов, Ақылбек Табынбаев және Тоқтар Ағыраев (қобыз), Ақнұр Аманбаева (жетіген), Сәбит Ділдабаев (кахон), Алмас Альжанов (домбыра), Заманбек Нысанбаев (сыбызғы), Арман Төлеш (домбыра) қатысып, өнер көрсетті. Сондай-ақ, гастрольдік сапар аясында көрерменге концерттік бағдарламалармен қатар, қазақ халқының ұлттық тағамдары мен қазақы нақышта жасалған сый-сыяпаты ұсынылды.
Айта кетейік, шарада Қазақстанның Испания Королдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі Данат Мұсаев пеп Леганэс қаласы әкімінің бірінші орынбасары Дэльгадо Карлос арнайы сөз сөйлеп, Сыр елінің өнерпаздарына ерекше алғыс білдірді.