Әлеумет
«Art sport» бағдарламасының орындалу барысына мониторинг жасалды
«АMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, партия филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық кеңес төрағасы Мақсұт Налибаев және Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұркен Бақытбекұлымен бірге «Art Sport» бағдарламасының Қызылорда қаласында іске асырылу барысына мониторинг жүргізді.
Мониторинг жұмысына облыстық мәслихаттағы «АMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері, партияның қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы, Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс — қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаменті мен жауапты басқарма өкілдері қатысты.
Атап өту керек, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және спорттық тапсырыс аясында 2021-2025 жылдарға облыс бойынша 28,6 млрд.теңге қаржы қаралып, 12,1 млрд.теңге игерілген. 7,0 млрд.теңге бюджетке қайтарылған. Өткен жылы бұл мақсатқа 5,2 млрд.теңге жұмсалса, биыл жұмсалатын қаржы шығыны шамамен – 2,4 млрд.теңге. Яғни былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есеге үнемделеді.
Өңірде арнайы жұмысшы тобының зерделеу нәтижесінде 310 кәсіпкердің 215-мен келісім-шарттар біржақты бұзылған. Қазіргі уақытта облыста «Art Sport» бағдарламасы бойынша 52 кәсіпкер жұмыс істейді. Заңсыздықтардың алдын алу мақсатында барлық үйірмелер мен спорт секцияларына Face ID жүйесі орнатылған.
Мониторинг барысында аманаттықтар кәсіпкерлік нысандардағы балаларға жасалған жағдай, бөлінген қаржының мақсатты игерілуі, санитарлық талаптар мен заңдылықтардың сақталуына басымдық берді.
«Мемлекет балалардың тегін, қолайлы жерлерде бос уақытын тиімді өткізуі үшін яғни олардың спорт және түрлі шығармашылық үйірмелерде білім алуы үшін «Art Sport» бағдарламасы қолдап, қаржы бөліп отыр. Дегенмен көптеген жауапсыз кәсіпкерлер бағдарлама аясында өз қалтасы үшін заңсыздыққа барғандары бар. Алайда құзырлы органдардың артспорт үйірмелеріне мемлекеттен бөлінген қаржының заңды игерілуіне қатысты тексеруі нәтижесінде жымқырылған қаржы бюджетке қайтарылып, заңсыздыққа барған кәсіпкерлерге шара көріліп жатыр. Мұндай әрекетке жол бермеу керек. Еліміздің болашағына салынып отырған инвестиция мақсатты игерілуі керек. «AMANAT» партиясы бұған бей жәй қарамайды»,- деді мониторинг барысында кәсіп иелерімен кездескен партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов.