Кене көбейді: Жыл басынан бері 17 жағдай тіркелген
Жыл басынан бері елімізде кене энцефалитінің 17 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11 жағдайға артық. Сырқаттардың ең көбі – Солтүстік Қазақстан облысында (6 жағдай), оның ішінде бұрын эндемиялық емес деп есептелген аумақтарда да анықталды. Бұл жағдай климаттың өзгеруі мен ыстықтың ерте басталуына байланысты иксод кенелерінің таралу аймағының кеңейіп жатқанын көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кене энцефалиті Ақмола облысында – 4 адамда, Шығыс Қазақстан облысында – 3, Алматы облысында – 2 адамда, Павлодар облысында және Алматы қаласында бір-бір жағдайдан анықталды.
Жыл басынан бері 8 840 адам кене шағуына байланысты медициналық көмекке жүгінген, оның 3 444-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Зардап шеккендердің 88%-ы (7 736 адам) иммуноглобулинмен шұғыл профилактика алған. Қалғандары (12%) түрлі себептермен бұл емді қабылдамаған: эндемиялық емес аймақта болу, медициналық мекемеге кеш жүгіну, вакцина салынуы немесе өз еркімен бас тарту. Кенеге қарсы көктемгі өңдеу шаралары аясында 279 қолайсыз (КҚГҚ бойынша эндемиялық) елді мекеннің айналасында санитариялық қорғау аймақтары құрылды. Аумақтарда жоспарлы дезинсекциялық жұмыстар жүргізілді, — делінген ресми ақпаратта.
Мамандар табиғат аясында демалатын тұрғындарға келесі сақтық шараларын сақтауды ұсынады:
- Ашық дене мен киімді кене репелленттерімен өңдеу;
- Ұзын жеңді, жабық киім кию, шалбар балағын шұлыққа салып жүру, бас киім қолдану;
- Киім мен денені тұрақты тексеру;
- Кене табылған жағдайда бірден медициналық көмекке жүгіну;
- Егер кенені өз бетіңізше алсаңыз, оны жұлып алмай, абайлап алып тастап, шаққан жерді йодпен өңдеп, қолыңызды мұқият жуыңыз.
Кене энцефалиті – жүйке жүйесіне ауыр әсер ететін вирустық ауру. Аурудың алдын алу үшін сақтық шараларын ұстану және уақытында дәрігерге жүгіну аса маңызды.
Фото: Freepik