Қызылорда: Қармақшылықтар 25 мың гектардан астам жерге егіс екті
Биыл Қызылорда облысына қарасты, Қармақшы ауданында 25654 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылы егілген. Оның ішінде ең басты Сыр бренді – күріштің көлемі – 13097 гектарды құрайды. Одан бөлек, 1000 гектар жаздық бидай, 130 гектар арпа, 1200 гектар мақсары, 2 гектар күнбағыс, 8950 гектар жоңышқа, 39 гектар сүрлем жүгері, 56 гектар судан шөбі, 1180 гектар картоп, көкөніс және бақша дақылдары бар, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Бүгінде аудандағы күріш егістігі түгелдей суға бастырылған. Сондай-ақ осы жылы 4 080 тонна күріш, 149,7 тонна бидай, 19,5 тонна арпа, 62,6 тонна жоңышқа, 30,1 тонна мақсары, 0,06 тонна күнбағыс, 5,8 тонна судан шөбі, 1,2 тонна сүрлем жүгері тұқымы пайдаланылды.
Егіске қажетті минералдық тыңайтқыштардың көлемі 15,2 мың тоннаны құрап, аудандығы ауыл шаруашылық құрылымдары толықтай қамтылған. Гербицидтерге қажеттілік 14,2 мың литр құрап, қазіргі таңда түгелдей жеткізілген.
«Биыл егіс жұмыстарына пайдалануға 3 720 тонна арзандатылған жанар-жағар май отынын алуға өтінім берілді. Оның ішінде көктемгі дала жұмыстарына 2 010 тонна қажет етсек, оның 1400 тонна дизель отыны жеткізілді, қалған 409 тонна дизель отыны алдағы уақытта толықтай жеткізілетін болады. Инженерлік тұрғыда әзірленген ауыспалы егістіктерде күріш егуге дайындалып 9 мың гектар жерлер лазерлі тегістегіштермен тегістелінді. Сондай-ақ қазір 415 гектар бақшалық жер дайындалып, 338 гектарына түрлі дақыл егілді. Айта кету керек, осы жылдың көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қатысатын барлық техникалар мерзімінде толықтай жөндеуден өтпек. Оның ішінде дән себу жұмыстарына 413 техника қазіргі таңда толықтай жөнделген. Ал алдағы егін жинау жұмыстарына 497 техника қатыстады», дейді Қармақшы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Әсет Омаров.
Фото: Қармақшы ауданы әкімдігі