Қазақстан астанасында өткен Орталық Азия мен ТМД кеңістігіндегі ең ірі поп-мәдениет фестивалінде Эсай Моралес, блогер Настя Джексон, стримерлер, дубляж актерлері мен әртүрлі елдерден келген косплей шеберлері көрермендермен жүздесті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Фестивальдің екінші күні «Барыс Арена» спорт кешеніндегі басты сахнаның ашылуымен басталды.

Мұз аренасының үсті арнайы жабынмен жабылғанмен, салқындық сезілді. Бірақ залда керісінше нағыз жылы атмосфера орнады. Жанкүйерлер танымал блогер Настя Джексонды қуанышпен қарсы алды. Оның YouTube арнасында 2,5 миллионға жуық жазылушы бар.

Настя мистикалық оқиғалар, құпия теориялар мен адамның бойын тітіркендіретін видеоларымен танымал. Ол жай ғана видео түсірмейді, көрерменді өзіне тартып алатын дүние жасайды. Оның ұраны: «Барлығы бір көрінгеннен білінбейді…».

Жанкүйерлер Настядан сүйікті фильмдері мен мультфильмдері туралы, идеяларды қайдан алатыны және болашақта өзін кім ретінде көретіні жайлы сұрады.

«Мен үнемі жазбалар жасап отырамын, компьютерге, телефонға. Күлкілі немесе қызықты дүниені көзім шалса, бірден жазып аламын. Кейін сол жазбалардан видео жасап шығарамын. TikTok-та бір ерекше видео көрсем, оның артында не тұрғанын зерттеп, соған байланысты видео-талдау жасаймын», – деді Настя Джексон жанкүйерлерімен кездесуде.

Оның айтуынша, дәл осы мистикалық тақырыптар мен түрлі құбылыстарды әшкерелеу — арна жанкүйерлерін біріктіретін негізгі себеп.

Сондай-ақ, Настя бір құпиямен бөлісті. Ол келесі видеосында жаңа кейіпкер пайда болуы мүмкін екенін айтты. Бұл кейіпкер бұрыннан бар Шеллиге қосылады.

Ал 40 жылдан астам Голливудта жұмыс істеп келе жатқан актер Эсай Моралес жанкүйерлерімен өзінің өмірлік тәжірибесі мен терең ойларымен бөлісті.

Эсай Моралес теріс кейіпкерді ойнаудың неге актер үшін үлкен сынақ екенін түсіндірді.

«Жағымсыз кейіпкерді ойнау – бұл үлкен құрмет. Өйткені басты кейіпкер өз жолында кездескен қиындықтарды жеңе отырып, дамиды. Ал сол қиындықтарды біз, антагонистер, туғызамыз», – деді актер.

Сондай-ақ, Эсай Моралес қазақ халқы мен пуэрто-риколықтар арасында ұқсастық көп екенін атап өтті.

Фестиваль аясында жұлдыздар аллеясында жанкүйерлермен белгілі блогер-летсплейші Marmok, қытай-америкалық модель, косплейші және костюм дизайнері Yaya Han, ресейлік режиссёр, сценарист, видеоблогер және YouTube-тегі «Чёрный кабинет» арнасының авторы Артём Гутковский және басқа да танымал тұлғалар кездесті.

Фестиваль қонақтары жаңа дағдылар мен шеберліктің қыр-сырын мастер-класс аймағында меңгерді. Мұнда қонақтар қылыштасуды, тұмар мен костюм бөлшектерін жасауды, аниме мен фильмдерді дыбыстауды үйрене алды.

Авторлар аллеясы мен жәрмеңке аймағында 150-ден астам қазақстандық суретші мен қолөнер шебері өз жұмыстарын ұсынды. Олар –  түрлі жанрда еңбек ететін талантты шеберлер.

Биылғы Comic Con Astana-2025 фестивалі 9-13 шілде аралығында өтуде және 75 000-нан астам қонақты қабылдайды. Олардың ішінде кемінде 10 000-ы –  шетелдік туристер.

Comic Con Astana-2025 Астана қаласы әкімдігі мен «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының қолдауымен өтуде.

Фото: Comic Con Astana-2025 

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *