Ақшаны неліктен көбірек басып шығаруға болмайды?
Бала кезіңізде кемінде бір рет болсын неліктен көп ақша басып шығармасқа, сонда бәрі бай болар еді ғой деп ойлаған шығарсыз. Әрине, ақша басатын станокты қосып қойып, кедейлікті түгелдей жоюға болатындай көрінуі мүмкін. Бірақ өмір шындығы балалық шақтағы қиялға қарағанда әлдеқайда күрделі. Себебі мұндай жағдайда аз ғана уақыттың ішінде-ақ тауарлар мен қызметтердің бағасы күрт өсер еді. Нан, жанармай, су мен жарық – бәрі бірнеше есе қымбаттап кетеді. Ендеше, ақшаны тым көп басып шығару неліктен елді байытпайтынын, керісінше, не себепті оның ауыр салдары болуы мүмкін екенін түсініп көрейік, деп жазады El.kz интернет порталы.
Ақша – бұл айырбас құралы, ол тауар мен қызметтердің құнын көрсетеді. Мысалы, экономикада 100 бірлік тауар және 100 ақша бірлігі болса, әр тауар 1 ақша бірлігіне тең. Егер ақша көлемі 200-ге дейін көбейіп, тауар саны өзгеріссіз қалса, онда әр тауардың бағасы 2 бірлікке дейін өседі. Себебі адам ақша көбейген сайын оны үнемдеудің орнына көбірек жұмсай бастайды. Сұраныс артады, тиісінше сатушылар бағаны көтереді. Бұл – инфляцияның қарапайым үлгісі, яғни ақшаның құнсыздануы.
Неліктен жай ғана тауар өндірісін арттырып, ақша көлемінің өсуін өтей салуға болмайды деген сауал туындауы мүмкін. Қиялымызда бұл мүмкін көрінгенімен, іс жүзінде өндірісті кеңейтуге уақыт қажет. Жаңа зауыттар салу, жеткізілім жүйесін жолға қою, жұмысшылар табу – мұның бәрі бірнеше ай, тіпті жылдарға созылуы мүмкін. Тіпті шетелден импорт көлемін арттыру үшін де уақыт керек. Ал сұраныс ұсыныстан бұрын өседі, нәтижесінде тағы баға көтеріледі.
Тарихта ақшаны шектен тыс шығару ауыр зардаптарға әкелгеніне мысал көп. Соның бірі – 1920-жылдардағы Германиядағы гиперинфляция. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін үкімет әскери қарыздар мен репарацияларды өтеу үшін көп көлемде ақша басып шығарды. Соның салдарынан неміс маркасы күрт құнсызданды. 1923 жылы 1 АҚШ долларына 4,2 триллион марка берілді.
Адамдар ақшаны тұсқағаз ретінде қолданды, себебі оның құны кәдімгі қағаздан да арзан еді.
Осыған ұқсас жағдай 2000-жылдары Зимбабведе қайталанды. Экономикалық дағдарысты шешу үшін үкімет тым көп көлемде ақша басып шығарды. Ал бұл гиперинфляцияға әкелді – ай сайынғы инфляция 79,6 миллиард (!) пайызға жетті. Ақырында бұл ел өз ұлттық валютасынан бас тартып, АҚШ долларын қолдануға мәжбүр болды.
Дегенмен кей жағдайда мемлекетке ақшаны көбірек мөлшерде шығарудың да пайдасы бар. Мысалы, экономикалық дағдарыс кезінде, сұраныс төмендеп, экономика тоқырауға ұшыраған сәтте қосымша ақша массасы экономикалық өсімді ынталандыруы мүмкін.
Бұл сөзімізге тұздық болуы үшін 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейін АҚШ, Еуропа және Жапония орталық банктерінің жүргізген «сандық жұмсарту» саясатын алуға болады. Олар мемлекеттік облигациялар мен басқа да активтерді сатып алып, ақша көлемін ұлғайтып, несиелендіруді ынталандырды. Бұл дефляцияның (бағаның төмендеуі мен экономикалық белсенділіктің бәсеңдеуі) алдын алуға көмектесті. Алайда мұндай шаралар бюджет тапшылығының ұлғаюы мен мемлекеттік қарыздың күрт өсуімен қатар жүрді.
Сондықтан ақшаны басып шығару уақытша және қатаң бақылаумен жүргізілуі тиіс. Әйтпесе, халық тағы инфляциядан зардап шегеді.
Фото: Арман Мухатов