Сарапшылар өңірдің дамуын оң бағалады
Мемлекет басшысы өз Жолдауында түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты мақсат екенін айтты. Бұл ретте Қостанай өңірінде атқарылып жатқан істер ауқымды. Облыс орталығында «10-AIMAQ: дамудың жаңа траекториясы» атты сараптамалық жиын өтті. Оған Алматы мен Астанадан келген экономистер, саясаттанушылар және өзге де сала мамандарынан құралған сарапшылар қатысты.

Сарапшылардың айтуынша, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қостанай өңірі жаңа қырынан танылған. Бұрын облыс көбіне бидайға тәуелді, монодақыл басым аграрлы өңір ретінде қабылданса, қазір ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлінген. Сондай-ақ, көлік-логистика, машина жасау саласында да тың түрен салғанын байқауға болады.
— Мен бұл жерге 2012 жылы келгенмін, ол кезде зауыттың орнында ескі дизель зауытының цехтары болатын. Кейін олар қайта жаңғыртылып салынды. Қазір бұл заманауи, алдыңғы қатарлы өндіріс орны. Бүгінде мұнда Қазақстан бойынша автокөліктердің 60 пайыздан астамы құрастырылады. Небәрі он жылдан сәл астам уақыт ішінде осындай нәтижеге қол жеткізілді. Өнеркәсіптің қарқыны соншалық, сұраныс өте жоғары деңгейде. Сондықтан жақын уақытта Ақтөбе облысынан газ жеткізу жобасы жүзеге асады деген үміт бар. Бұл жоба іске асса, өңірдің газ тұтынуы шамамен бес есе артады. Ал бұл облыстың қандай үлкен серпін жасап отырғанын айқын көрсетеді, — дейді «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев.

Сонымен қатар өңірдегі көлік құрастыру саласының дамуы да ел тынысын кеңейткен. Ол жөнінде сарапшылар мол мүмкіндікті байқап, оны бағалауда маңызды дейді. Яғни сапалы жұмыстың нәтижесі жаңа жоабларға мүмкіндік ашпақ.
— Менің ойымша, бүгінгі таңда Қостанай облысы машина құрастыруда да, автокөлік өндірісінде де еліміз бойынша ең қарқынды өсімді көрсетіп отыр. Әрине, басқа өңірлерде немесе жалпы ел деңгейінде белгілі бір көзқарас болуы мүмкін. Мысалы, «Міне, көлік шығарады екен, бірақ оның бәрі қалай жүзеге асады?» деген секілді сұрақтар туындайды. Біз арнайы келіп, көліктің қалай жиналатынын, қандай бөлшектердің орнатылатынын өз көзімізбен көрдік. Сонымен қатар, еліміз үшін бірегей құйма өндірісі жүзеге асырылатын «Камлит» кәсіпорнын да ерекше атап өткім келеді, — деді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.

Соңғы жылдары Қостанай облысының экономикалық көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды. 2025 жылғы облыс бюджеті 686,6 млрд теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 55,4%-ға артқан. Жыл сайын аймақта орта есеппен 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл кадр тапшылығын жою мен тиісті мамандарды тартудағы маңызды көрсеткіштердің бірі. Сарапшылардың айтуынша, бұл үрдіс өңір экономикасының қарқынды дамуы мен өндіріс көлемінің ұлғаюын көрсетеді.
— Қостанай облысының өнеркәсіптік әлеуеті жылдан жылға нығайып келеді. Аймақта бүгінде 924 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 24 ірі, 41 орта, және 859 шағын кәсіпорын бар. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда өсіп, аймақтың индустриялық базасының кеңейіп жатқанын көрсетеді. 2022–2024 жылдар аралығында жалпы өнеркәсіп өндірісі 18%-ға өсті, оның көлемі 2,47 трлн теңгеден 2,913 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі айтарлықтай серпін көрсетіп, осы кезеңде 28%-ға артты: 1,607 трлн теңгеден 2,056 трлн теңгеге жетті, — деді экономика ғылымдарының phd докторы Дархан Ахметов.
Қостанай облысы бүгінгі таңда экономикалық өзгерістерге жедел бейімделіп, жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқан аймақ екені сарапшылар талқылауында тағы бір мәрте дәлелденді. Өнеркәсіптегі серпін, инвестициялық белсенділік, инфрақұрылымның жаңаруы мен жұмыс орындарының көбеюі – бұл өңірдің тұрақты дамуының айқын көрінісі.
Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ, Қостанай облысы












