«Abai akademiasy» энциклопедиялық порталы ашылды
Абай облысында Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік мерейтойлық шаралар басталды. Бүгін Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орталығында «Abai akademiasy» энциклопедиялық порталдың тұсаукесері өтті. Абай шығармашылығына арналған тұңғыш энциклопедиялық порталдың таныстырылымына зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар қатысты. Бұл туралы Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Энциклопедиялық порталдың тұсаукесерінде сөз сөйлеген аймақ басшысы Абай тойы биыл тұңғыш рет 10 күндік ретінде атап өтілетінін айтып, 1-10 тамыз аралығында Семей қаласы мен Абай, облыстың өзге де аудандарында түрлі мәдени-рухани, танымдық, интеллектуалдық іс-шаралардың жоспарына тоқталды.
«Атап өту керек, аталған 10 күндіктің өтуіне қаржыны түгелдей жанашыр демеушілер көтеріп отыр. Абай тойының өңірімізге ең басты сыйлығы – Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы. Хакімнің тойында еліміздің әр өңірі жаңадан құрылған облысымызға бір нысаннан салып беретін болды. Маңғыстау «Достық үйін», Шымкент шығармашылық орталық, Түркістан көрме орталығын, Астана Жайлы мектеп, Ақтөбе жекпе жек орталығы, Павлодар облысы Үстел теннис орталығын салуға, Шығыс Қазақстан Ертіс жағалауын жасап береміз деп отыр. Өзге өңірлер де хабарласып, ықылас-ниеттерін білдіріп жатыр» деді облыс әкімі Берік Уәли.
«Abai akademiyasy» порталы – Абай мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттайтын, ақын туралы толық мәлімет ұсынатын ғылыми-танымдық дереккөз. Платформада ақынның әдеби, ғылыми, публицистикалық және эпистолярлық еңбектері текстологиялық сараптамамен, түрлі форматта жинақталған. Материалдар Абай институттары, ғылыми орталықтар, архивтер мен мұражайлардан алынып, цифрлы түрде енгізілген. Сондай-ақ теле-радио хабарлар мен деректі фильмдер де қамтылған. Бұл жайында «Abai akademiasy» жобасының жетекшісі Айжан Тәбаракқызы таныстырды.
Шара барысында абайтанушы Арап Еспенбетов: — Электрондық портал бәрімізге ортақ. Ол жас ғалымға да, ізденушіге де, студентке де, оқушыға да, қарапайым жұмысшыға да ортақ. Өзінің досы сияқты әңгімелесіп, қажетті деректерін қабылдап, ары қарай өзінің ұлы ақын туралы ойлары мен қарымдарын дамытатыны сөзсіз. Абайды білемін, танимын, ұғамын, түсінемін дейтін жанның барлығына көмек беретін, ең үлкен басты құрал, энциклопедия», -деді.
Сонымен қатар «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығының директоры Ұлан Сағадиев, әдебиеттанушы, PhD докторы Қарлығаш Әубәкір энциклопедиялық портал туралы пікірлерін айтты.
Айта кету керек, онкүндік аясында Семейдегі Бейбітшілік аралында этноауыл қалашығы, белгілі суретші Аңсаған Мұстафаның «Көңілге түрлі ой салар» атты көрмесі ашылады. «Арена» мәдени-спорт кешенінде «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты мерейтойлық гала-концерт өтеді.
/суреттер Абай олысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды