Қармақшы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында 10 тамыз — Құрылысшылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік жиынға аудан басшысы Жандос Еркінбек төрағалық етіп, құрылыс саласының ардагерлері мен сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Аудан басшысы өз сөзінде құрылыс саласының ел дамуындағы маңызын атап өтіп, сала ардагерлерінің еңбегіне алғысын білдірді.

«Ауданымыздың құрылыс саласы бойынша қол жеткен жетістіктерінің мол екендігін қазіргі уақытта салынып жатқан құрылыстардан анық байқауға болады. Соңғы үш жыл ішінде ауданымызда әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар маңызды, ірі жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Ақай, Жаңажол, ІІІ-Интернационал ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. Дүр Оңғар, Ақжар және Тұрмағамбет ауылдарында жаңа үлгідегі дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілсе, Қуаңдария мен Қармақшы ауылдарында фельдшерлік-акушерлік бекеттер пайдалануға берілді.

Мәдениет саласында ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін «Руханият» орталығының жұмыстары аяқталып, ел игілігіне ұсынылды.
Тұрғын үймен қамту бағытында да ілгерілеу бар. 2023 жылы 51 пәтер, 2024 жылы 156 пәтер берілді. Сонымен қатар, 2025 жылы Тәуелсіздік ықшам ауданында 50 пәтердің құрылысы басталды. Мұның бәрі — сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге алғыс айтамын»,- деді Жандос Еркінбек.

Жиында кәсіби мереке қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденін иеленген жерлесіміз, құрылыс саласының майталманы Сержан Наметша арнайы қатысып, аудан әкімінің алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ, дәстүрге сай иығына шапан жабылды.

Мерекеге орай бірқатар құрылысшылар мен ардагерлерге алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табыс етіліп, олардың ерен еңбектері лайықты бағаланды.

Сонымен қатар, құрылыс саласының ардагерлері Сержан Наметша мен Қаршыға Есдәулетов сөз алып, жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ақ баталарын арнады.

Салтанатты жиын сый-құрмет көрсетумен жалғасты.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *