Шәмші Қалдаяқов жүректерге өзгеше әуен сыйлаған, әр буынның жастық шағын музыкамен тербеткен сазгер. Ол өмірге әуен әкелді, қазақтың кең даласына вальстің нәзік қимылын сыйлады.

Бүгін сол Шәмшінің, қазақ вальсінің каролі атанған даңқты сазгердің дүниеге келген күні.

Ол 1930 жылдың 15 тамызында қазіргі Түркістан облысы Отырар топырағында дүниеге келген.  Бала Шәмшінің тағдыр жолы бірден әнге қарай бұрылған жоқ. Бірақ ол туған даласының самалын, жусан иісін, жұлдызды түндерін жүрегінде сақтап өсті. Кейін сол сезімдер 40 жылдан астам уақыт ішінде 300-ге жуық әннің әуезіне айналды.

Ел мен жерге сыйған махаббат

Шәмшінің шығармашылығына бір сөзбен баға беру қиын: онда туған жерге деген сағыныш та, ғашық жүректің сырлы мұңы да, достыққа адалдық пен ананың мейірімі де бар. 1950 жылдардан бастап ол жазған әндердің бәрінде шексіз сүйіспеншілік лебі есіп тұрды.

Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов сынды ақындар оның әуендеріне сөз жазып, қазақ музыкасының алтын қорына мәңгілік туындылар қосты. «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Теріскей», «Қарқаралы», «Өмір өзен» – әрқайсысы халық жадында өшпес сурет қалдырған әндер. Ал «Бақыт құшағында», «Отырардағы той», «Бәрінен де сен сұлу» сияқты шаттыққа толы туындылар 60–70 жылдары Шәмшінің атағын аспандатты.

Көпшілік Шәмшіні вальстің королі ретінде таниды, бірақ оның шығармашылық биігінің бір шыңы – марш екпініндегі «Менің Қазақстаным» әні. Бұл туынды кездейсоқ туған жоқ.

1950 жылдардың ортасында «КСРО басшылығы Қазақстанның солтүстік облыстарын «Целинный край» деп бөліп алмақ» деген ел ішінде ауыр хабар тарайды. Даланың еркін рухына бұл саясат сыймады. Осы тұста Шәмші досы Жұмекен Нәжімеденовке «қазақ жерінің тұтастығын жырлайтын ән жазайық» деп ұсыныс жасады. Әуен – Шәмшіден, өлең – Жұмекеннен туды. Әнді алғаш орындаған Жамал Омарова оны радио арқылы елге жеткізеді.

Бұл шығарма халықтың рухын көтеріп, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында да жастар алаңда осы әнді шырқады. 2006 жылы ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.

Шәмшінің жүрегіндегі ең нәзік әуендердің бірі – «Ана туралы жыр». Композитор консерваторияда оқып жүргенінде анасынан айырылып, жан жарасын сөзбен де, әуенмен де емдей алмайды. Тек анаға арналған ән жазуға бекінгенде, оны ақын Ғафу Қайырбековпен тағдыр жолықтырды. Екеуі де аналарынан ерте айырылған. Осы ортақ мұң екеуін бір арнаға тоғыстырып, мәңгілік сағыныштың әуенін дүниеге әкеледі.

Бүгінде Шәмшінің есімімен аталған филармониялар, мектептер, көшелер бар. Түркістан жерінде ескерткіштер орнатылып, телесериалдар түсірілді.

Шәмші әндері – уақыт өтсе де ескірмейтін, тыңдаған сайын жаңарып, әр жүрекке жол табатын асыл мұра. Ол – қазақ даласының әуенімен бірге туған, сол әуенмен бірге мәңгі жасайтын сазгер.

Еl.kz

Фото: архив

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *