Бұл – өнердің құдіреті. Димаштың еңбегі. Еңбек екінің бірінде бар шығар. Әркім өз ісінің шебері болғанға не жетсін?! Димашта тек еңбек емес, ол жастығына қарамай ақылды. Жалпы, ақыл Алланың адамға берген ерекше сыйы болар. Осындайда Асқар Тоқпанов айтқан әңгіме еске түседі. Бірде дейді Асекең…
 Үлкен бір отырыста бұлбұл әнші Роза Бағланова Бауыржан Момышұлынан: 
 –«Бауке, айтыңызшы, ең мықты, ең атақты әнші болу үшін не керек? Дауыс па, сұлулық па, репертуар ма, болмаса таныс-тамыр ма?» – дегенде, Баукең даусы гүрілдеп, көзі аларып гүр еткен екен:
«Слушай, алдымен мынау» деп маңдайын, содан кейін сол кеудесін, соңында ғана тамағын көрсеткен екен. Аңыз болсын, ақиқат болсын, осы естелікте үлкен пәлсафа жатыр. Қай жерде де, қайда да адамға ең керегі ақыл. Ал біздің Димашқа Алла ақыл берген. Өйткені ол – атасының баласы.

Димаш…. Қазақ үшін осы есім ерекше ыстық. Бала кезімде әкемнің «Димекең, Димаш Ахметұлы» деп айтып отырғанына талай куә болғанмын. Бүгінде Дінмұхаммед Қонаев, қазақтың Димашы – тарих төрінен, елінің жүрегінен орын алған ұлы перзенті. Кезінде қазақтың тағы бір баласы Мұстафа Өзтүрікпен Димаш ағамыздың үйінде болып қолынан дәм тату мен үшін зор мәртебе болғаны рас.

ХХ ғасырда қазақ үлкен Димашымен мақтанса, ХХІ ғасыр кіші Димашымен шаттанатын болды. Жалпы, кез келген мемлекет өзінің өнімімен, өмірімен, табиғатымен, табиғи байлығымен, оқу, білімімен, ғылымымен, қаруымен, қарымымен мақтанады. Ол – заңдылық. Сондықтан әр америкалық, болмаса француздар өз Отанының ұл-қызы болғанына дән риза. Әрине, бізде сол көштен қалғымыз жоқ. Онсыз да майда-шүйдеге мақтанғыш біздің кеуде соғып қуанғымыз келеді. Алайда қысқа жіп күрмеуге келмейді. Мемлекеттің экономикасы, ел-жұрттың еңсесі әлі көтерілмей жүрген осындай өтпелі кезеңде бізге Құдай Димашты берді. Димаш қазір бренд. Қанат пен Светаның баласы бүгінде халқының сүйікті ұлы болды. Ұлы деген сөздің бұрын ескермеген, елемеген өңірін өзіме енді ашып отырмын. Ұлы сөзі — баласы, ер баласы, ұрпағы, жалғасы, ертеңгі шаңырақ иесі, ұрпақ жалғасы деген ұғымды білдірсе, екінші пайымдауда қайталанбас дарынды, таланты өзгелерден көш ілгері, елінің қамқоршысы, жоқтаушысы, жанашыры, мақтанышы дегенге саяды. Көбінде бір үйдің, бір шаңырақтың, бір ата-ананың ұлы болу бар да, елінің, ұлтының ұлы болу кез келгеннің маңдайына жазылмаған. Міне, біздің Димаш сол елінің сүйікті ұлы болды.Бүгінде үш жүз жыл отаршылдық пен отыз жылғы опық жеуден соң қазақ елін әлемге танытып жүрген бірден-бір тұлға – Димаш. Димаштың арқасында төрткүл дүниедегі қыз-жігіт қазақша ән салды. Қазақстан деген мемлекетті тани бастады. Өз көшесінен басқаны білмейтін, миллиондаған жанкүйер қауым Астана мен Ақтөбені картадан іздеп, шарқ ұрды. Димаш концерт беретін қала мен шаһарға билет табылмай, ұшаққа орын болмайды. Біздің ұлдың суретін қолына ұстаған аруларда есеп жоқ. Димашты айтса, оларда ес болмайды. Сондықтан әлемде үлкен фанклуб бар. Ол жай ғана фанклуб емес, жанклуб, әншінің жанкүйерлері. Олардың санын ешкім білмейді. Өйткені олар да Димаштан басқасын білгісі жоқ.
Бұл – өнердің құдіреті. Димаштың еңбегі. Еңбек екінің бірінде бар шығар. Әркім өз ісінің шебері болғанға не жетсін?! Димашта тек еңбек емес, ол жастығына қарамай ақылды. Жалпы, ақыл Алланың адамға берген ерекше сыйы болар. Осындайда Асқар Тоқпанов айтқан әңгіме еске түседі. Бірде дейді Асекең…
Үлкен бір отырыста бұлбұл әнші Роза Бағланова Бауыржан Момышұлынан:
– «Бауке, айтыңызшы, ең мықты, ең атақты әнші болу үшін не керек? Дауыс па, сұлулық па, репертуар ма, болмаса таныс-тамыр ма?» – дегенде, Баукең даусы гүрілдеп, көзі аларып гүр еткен екен:
– «Слушай, алдымен мынау», – деп, маңдайын, содан кейін сол кеудесін, соңында ғана тамағын көрсеткен екен. Аңыз болсын, ақиқат болсын, осы естелікте үлкен пәлсафа жатыр. Қай жерде де, қайда да адамға ең керегі ақыл. Ал біздің Димашқа Алла ақыл берген. Өйткені ол – атасының баласы.
Димаштың атасы Құдайберген Айтбаев – Мұғалжардың перзенті. Мамандығы инженер болса да, өнер дегенде ішкен асын жерге қоятын, оқығаны да, тоқығаны да мол өте қарапайым және зерек кісі болған. Қашан көрсең, ізетімен сыпайылығынан айнымаған, кісілігіне кішілігі жарасқан қарапайым кісі-тін. Назым Хикмет айтпақшы, «Аз да болса айбатты, қораш та болса қайратты» еді. Құдайберген ақсақалдың ең үлкен еңбегі Қанат пен Светаның өнерде көгеруіне, көктеуіне барын да, нарын да берді. Сондықтан бала Димаш ес білгелі домбыраның үнімен есейіп, ертегіге елтіп өсті. «Ертегіге сенбеген баладан романтик шықпайды» демекші, Димаштың ән-күйге ынтасы осы ата-әженің тәрбиесінен бастау алады.
Димашқа дейін біздің әншілердің біразы, әсіресе орысша оқығандар қазақша ән айтудан ұялатын, қымсынатын, қорланатын. Орысша ән салып, ағылшынша жырлағанда «өнер биігіне шықтым» дейтін-ді. Димаштың бір еңбегі осы өтірік комплекстің тас- талқанын шығарды. Қазір дүниенің түкпір-түкпірінде қазақша ән айтып, домбыра тартатындар жеткілікті. Ол аз десеңіз, аты-жөнін, ныспысын Димаш деп, Құдайберген дегендер де баршылық. Өнер адамына ана тілінде ән салудан артық бақыт жоқ екенін Димаш осылай дәлелдеп берді.
Самал тау, қайран елім,
шалқар көлім,
Не болар солдат болып,
айнам, көрген күнім-ай
Есіме қайта-қайта түсе бердің,
Кір жуып, кіндік кескен, айнам,
қайран елім.
Әннің авторы әлі күнге белгісіз, толық зерттелмеген, әзірге халық әні болып жүрген шығарма Димаштың орындауында бізбен қайта қауышқан.
Алыстан, тым жырақтан естілген қасқырдың ұлуына жылаған сәбидің даусы қосылғандай. Дүние аппақ, қар басқан төбелер, жаяу-жалпылап кетіп бара жатқан жігіттермен қоштасуға жүзі шыдамай, үнсіз қалған. Мелшиген мола төбелер. Аяқ-қолы кісенсіз болғанымен, «еркек тоқты құрбандық» деп беймәлім ел, белгісіз жерге ауып бара жатқан қазақтың оғландары. 1916 жылғы Ресей империалистік соғысқа араласты. Қазақ елі тек азық-түлік қана емес, адам күшімен де ақ патшаға көмектесу керек-ті. Онсыз да шұрайлы жердің бәріне «қара шекпенділер» қоныстанғанына әзер шыдаған халық мына жарлыққа шарт сынды. Ұлт-азаттық көтеріліс бұрқ ете қалды. Бұл ән – зар, сол кезеңде туған, халық трагедиясының бір көрінісі. Әлі күнге толық зерттелмеген, қазақ халқының ерлігі мен өрлігін біздің болашақ тарихшыларымыз бен жазушыларымыз жазары хақ.
ХХ ғасыр адамзат үшін, әсіресе қазаққа оңай болған жоқ. Қаншама боздақтар жат жерде шейіт болды. Қаншама көз жасы сайын даланы сарғайтты.
Таңғы сәтте дүниені қара бұлт басқан мезетте сонау көктен үн естілген. Бұл әуенде әлде зар, әлде ышқынған боздақтың көзіндегі мұзға айналған жасын ерітердей тылсым күш бар.
Есіме қайта -қайта түсе бердің,
Кір жуып кіндік кескен,
айнам, туған жерім.
Міне, жас жігіттің арманы, мұңы, сары ала сағынышы, сарғаюы. Қара шаңыраққа, туған жерге деген қимас­тық. Әлгі дауыс боз аспанды тесіп өтіп бірте-бірте маңайды, жо-жоқ мынау аппақ дүниені ағарта берген, әлде алыстан еміс-еміс естілген, сосын маңайына нұрын шашқан қасиетті Құранның мақамындай ма, немесе ботасын жоғалтқан боз інгеннің боздауы ма?! Жо-жоқ, бұл ер-азаматтың аһ ұрғаны. Өзі айдауда, қолы байлауда, басынан бағы тайған батырдың бастырылуы. «Қаратаудың басынан көш келеді» зарынан кейінгі азанама. Халықтың көз жасы. Біздің әнші әлемге белгісіз елінің мұңын, халқының зарын осылай тірілткен. Мұны көз жасы көл болған ана мен арулардың, кемсеңдеген ақ сақалды қария мен шырылдаған сәбилердің, айдалған, тозған, тоз-тоз болып тарыдай шашылған Алаштың реквиемі дерсің. Моцарттың, Бетховеннің емес. Қазақтың қазанамасы, реквиемі. Бұл – еуропалық симфониялық оркестр емес, Димаштың даусы.
Иә, бір Димаш – бір оркестр. Біздің ұлан өткен өкінішті осылай әнмен өрнектеген.
…Баяғыда Ригадағы Домский соборда тыңдаған концерт есіме түскені. Орган үні сонда мені басқа бір дүниеге жетелеп алып кеткен-ді. Бір сәт органға жамырай скрипкалар қосылып, боздай жөнелгенде жадыма туған ауылым келген. Неге екені белгісіз, сол концерттен жылап шықтым. Көз жасымды танымайтын жандарға көрсетуден ұялып, қонақүйге жаяу тартқанмын. Қазір де Димаштың әні – әуезі сол кезді еріксіз еске түсірген. Жаса, Димаш! Аман жүр, алтын бала. Сен кешегі аталарың Димаш пен Бауыржанның, Ахмет пен Нұрғисаның көзісің. Сен Сырым мен Махамбеттің жалғасы, Мұқағали мен Қадырдың мұңысың.
Тарихшылар үнсіз қалған, әдебиет «әдепті тақырыпты» ғана жазған кезде, дұрысы, қан жылаған қасіретті жазбаған кезде халықтың жадындағы аһ ұрған жалынды Димаш осылай еліңмен табыстырған өзің.
Қанат пен Светаның баласы туралы жазу қиын екен. Өйткені ол – Құдай берген ұл! «Димаштың құпиясы неде?» деген сұрақ әлі талай музыка тарихында зерттеледі. Оның даусында, үнінде ешкімде болмаған диапозон туралы талайлар диссертация қорғайтын болады. Мұндай феноменнің қазақтан шыққанына қимай қызғанатындар да, қызығатындар да болады. Оған гәп жоқ. Дегенмен, менің ұққаным, Димаштың әні адам жанына нұр құятыны. Өзіңнің пенде емес, адам екеніңе сенің де жаның, лүпілдеген жүрегің, сан түрлі ойға жетелейтін миың, жүйкең, селт етер сезімің барын сенің де жер басқан жігіт екеніңді болмаса, «кез келгеннің уысына түспейтін, кез келгеннің бақшасында піспейтін» сұлу да сылқым екеніңді еске салады. Жақсы ән – жанның рақаты Димаш өлең айтқанда, сені осылай жетелеп кетеді. Иә, солай. Оның салған әні Алланың нұрындай. Жаныңды тербейді. Құдды, ананың құшағына бөленген сәбидің күлген сәтіндей мамыра-жай, мәңгілік беймарал күйге бөленесің.
Өткен ғасыр қып-қызыл соғыс пен қан төгуден және ізін тарихта алтын әріппен шегелеген тұлғалардан тұрады: Давид Бен-Гурион, Уинстон Черчилль, Махатма Ганди, Нельсон Мандела, Кемал Ататүрік, Альберт Эйнштейн, Чарли Чаплин, Федерико Феллини, Ингмар Бергман, Сальвадор Дали, Пабло Пикассо, Габриэль Маркес, Ульям Фолкнер, Антуан де Сент-Экзюпери, Эрнест Хэмингуэй, Франк Сенатор, Элвис Пресли, Майкл Джексон, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Расул Ғамзатов, Олжас Сүлейменов, Шостакович, Пеле, Марадона, Криштиану Рональдо, Лионель Месси және ән өнеріндегі трио Энрико Карузоның ізбасарлары – Лучано Паваротти, Пласидо Доминго, Хосе Каррерас. Өнер-білімнен сауаты бар кез келген жан әлемнің осы тұлғаларын біледі. Үш аңыздың даусы тарихта мәңгіге жазылды. Жер бетінде үлкенді-кішілі мемлекеттер баршылық. Шіріген бай мен миллионер де жеткілікті. Алайда тарихты жасайтын – ғалымдар мен дарындар.Тұлғалар! Қолы таққа жеткендер емес, баққа жеткендер. Сол бақытты үштіктің біреуі бүгінде жоқ. Ол – Лучано Паваротти.
Ал Пласидо Доминго Мадридтен шыққан мұзтау әнші, аңыз адам Лос-Анджелестегі опера театрын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған ұста. Ал Хосе Каррерас Монсеррат Кабальемен ән шырқаған дарынның өзі. Бұл да аңыз адам. «Ат тұяғын тай басар» дегендей, екі ұлының қасына, міне, біздің ұлан келіп қосылды. Үшеуі бірге ән салды. трио қайта тірілді. Оған осындай тыныс берген, дем берген біздің Димаш. Өмір бойы бірге жүрген дос-жарандай, ағалы-інідей әлем алдында біздің бала аңыздармен осылай қатар тұрды. Жасыратыны жоқ, ол тұлғалар өмір-өнер деген базардан қайтқан бабалар да біздің Димаш сол додаға енді кірген ер ұлан. Мұндайда үлкен не дейді? Ақылы аздар ақыл айтар еді. Ал ақылды үндемес. Олар сөйтті. «Көзбен көр де, ішпен біл» деген.Ұлан оны ұқты. Ұрпақ – өмір жалғасы, мәңгілік философиясы.Абай айтқандай, алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер. Димаш өзіне тән, өзіне тең ағаларын осылай тапса, ол екеуі дөңгеленген дүниеде Димашты кездестірді. Маған бір сәт екі тұлға қасиетті өнерді Димашқа аманат етуге жолыққандай көрінеді.Тіпті олардың біздің ұлға қызыға да қызғана қарағанына куә болдық. Шүкір дедік. Әлде іштей күбірлеп, үндемей қалдық па, есте жоқ. «Өңім бе еді, түсім бе еді» деп Қасым ақын айтқандай, ол бір ғажап сәттер еді біз үшін.
Өмір өтіп барады, ол да құрсын,
Сәттер өтіп барады осы қиын», – деп айтқан Қадыр көкемнің қимаған сәтін, қинаған сәтін, уақыт деген ұлы ұғымды Димаш бізге осылай сыйлады. Жадыма осыдан бірнеше жыл бұрын Димаштың Алматыдағы онкологиялық ауруханаға барғаны түсті. Өмірі қыл үстінде тұрғанда науқас сәбиге әншінің барғаны, үлкен ерлік. Кісілік. Кішілік. Махаббат. Адамды сүю, құрметтеу, қадірлеу.
Қазір ол балапан бар ма, жоқ па – білмеймін. Білетінім, Димаш ол баланың жанына нұр құйды. Бақытты етті. Шаттандырды. Шат-шадыман етті. Адамға керегі – ең қиын кезеңде, ең сыйлы жанның қасыңнан табылуы.Бақыт деген осы болар. Ал басқасы Алланың қолында.
Баяғыда бір ән болған. «Мақтанса, бүгін мақтансын қазақ, төбесі көкке тимей тұр аз-ақ».
Иә, солай. Бүгін біздің мақтанатын шағымыз.Өйткені біздің төбеміз шынымен көкке тигендей. Өйткені оны тигізген Димаш қазақты әлемге сүйгізген Димаш ұл! Аман бол, Димаш Құдайберген. Сенің алдыңда ұзақ өмір тұр. Білетінім, сен қай жерде жүрсең де, жүрегің қазақ деп соғады. Тарихта есесі кеткен еліңді сен сонау шың басына, өнердің асқарына көтеріп жүрсің. Әлі де әлемге қазақтың домбырасын, әнін, сәнін, мәнін, мәйегін, әдеті мен әдебиетін танытатыныңа мен сенемін. Өйткені сен еліңнің көптен күткен, сағынып тосқан ұланысың, ұлысың! Димаш атаң армандаған Димашсың!
Самалтау, қайран елім, артта қалды,
Адасқан өрісінен, айнам, біз бір үйір-ай.
Тағы да жеті көк аспаннан бір әуен естілген. Таныс әуез, таныс үн, құдды, анамның өлеңіндей, сағынып салған әніндей, апамның даусындай.
Көк жүзінде қыран құс қанатын жайып ұшып барады. Тынысы кең, кеудесін кере дем алады. Мақсаты нақ, межесі айқын. Төменде көзге түсер төбелер, таулар, жылғалар, жыралар. Ормандар, ой шұқырлар. Қыран бүркіт маңайына көз тастап алға самғайды. Асығар емес. Өйткені алда оны тосқан ұлы істер тұр. Не дейсіз ғой. Ол – құпия. Өмірдің құпиясы. Қыранның құпиясы…

Талғат Теменов,
кинорежиссер, Қазақстанның Халық артисі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Руханият

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *