Қызылорда: Қазалы ауданында су үнемдеу технологиялары кеңінен қолданылуда
Қызылорда облысына қарасты Қазалы ауданында су үнемдеу технологиялары кеңінен қолданылуда, — деп хабарлайды Fastnews.kz сайты.
Қазалы ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес егін шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл қадам Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты су ресурстарын тиімді пайдалану және егісті әртараптандыруға бағытталған.
Аудандағы ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі – «РЗА» акционерлік қоғамының «РЗА-Агро» ЖШС бұл салада алдыңғы қатарда. Шаруашылықтың негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу. Биылғы маусымда 4437 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде 2238 гектарға күріш, 419 гектарға жүгері, 702 гектарға жаңа жоңышқа және 1347 гектарға ескі жоңышқа орналастырылды. Қазіргі таңда серіктестікте 210 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Су тапшылығының әсерін азайту мақсатында шаруашылық 2021 жылдан бастап су үнемдеу технологияларын кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Бұл бағытқа 600 миллион теңге қаржы жұмсалып, Германиядан дренажды құбырлар мен арнайы соқа сатып алынды. Сондай-ақ Испаниядан жаңбырлатып суару жүйесі орнатылды.
Мамандардың айтуынша, жаңа технологиялар суды үнемдеуге ғана емес, өнімділікті арттыруға және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор мүмкіндік беруде. Алда уақытта да аудан көлемінде, өзгеде шаруа қожалықтарында тың технологияның үлесі арта беретін болады.