МОНИТОРИНГТІК ТОП ТҰРМЫСТЫҚ ҚАТТЫ ҚАЛДЫҚТАРДЫ СҰРЫПТАУ ЖӘНЕ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Бүгін партияның облыстық филиалы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі және Экологиялық кеңес мүшелерінен құралған мониторингтік топ Қызылорда қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және өңдеу зауыты құрылысымен танысты.
Оңтүстік Корея технологиясы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдейтін зауытта жылына шамамен 300 мың тонна қоқыс өңделмек. Жоба өткен жылы «Қазақстан-Корея» бизнес форумы аясында облыс әкімдігі мен корейлік «With you E&C» компаниясының бірлескен меморандум аясында жүзеге аспақ.
Қазіргі таңда зауытқа мемлекеттік қолдау шарасы ретінде «Белкөл» кенті аумағынан 4 га жер учаскесі берілген.
Жалпы жоба үш кезеңнен тұрады. Жобаның алғашқы кезеңінде қолданыстағы полигон 9,5 млрд теңгеге жаңғыртылып, заманауи қалдықтарды сұрыптау кешені салынады. Бұл полигонның қабылдау қуаттылығын жылына 60 мың тоннан 300 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Екінші кезеңінде 20 мегаваттқа дейін электр энергия өндіретін қоқыс өртеу зауыты, үшінші кезеңде жыл бойы өнім беретін жылыжай салу көзделген. 2026 жылы желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Атап өтейік жоба құны І кезеңі – 9,5 млрд теңге, ІІ кезең — 25 млрд. теңгені құрайды. Бұл жобалар аясында өңірге 34,5 млрд теңге инвестиция тартылады.
Жоба тиімділігін көрген кеңес мүшелері зауыт іске қосылған уақытта өңірдің экономикалық және экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал ететіндігін ерекше атап өтті.
Атап өтейік, Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Кемелұлының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес, өңірде жалпы құны 96 млрд. 100 млн. теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асырылуда. Қалдықтарды басқару саласына шетелдік инвестициялар мен озық технологиялар тартуда Қызылорда қаласында халықаралық компаниялардың қатысуымен 2 ірі жоба бойынша жұмыс басталды.