Астанада Қанат пен Әсемнің ән кеші өтеді
2025 жылғы 27 қазанда елордадағы Жастар сарайы шынайы сезім мен ұлттық өнерге толы кештің куәсі болады. Сахна мен өмірде қатар жүріп, өнер әлемінде өзіндік орнын қалыптастырған жарасымды жұп – Қанат пен Әсем Ражановтар астаналық тыңдарманға «Елім, сенің арқаңда!» атты ән кешін ұсынады. Бұл кеш – тек музыкалық кеш қана емес, жүректен шыққан сыр мен туған елге деген құрметтің көрінісі.
Қанат пен Әсемнің шығармашылықтағы ортақ жолы 2014 жылы отбасын құрған кезден бастау алады. Содан бері олар сахнада бірлесіп өнер көрсетіп, тыңдарман жүрегінен мықтап орын тапты. Екеуінің де өнерге деген алғашқы қадамы туған өлкелері – киелі Торғай топырағында басталған. Қостанай облысы, Жангелдин ауданының тумалары – олар Б. Хамзин атындағы балалар өнер мектебінде музыкалық білім алып, өнерге алғашқы қадамдарын сол жерде жасады.
Бүгінде Қанат пен Әсем – Қостанай қаласындағы «Мирас» мәдениет сарайының кәсіби әншілері. Олардың репертуарында Тобыл-Торғай өңірі сазгерлерінің сыршыл әндерімен қатар, елімізге кеңінен танымал авторлардың жүрек тербер туындылары да бар. Әндер заманауи эстрадалық өңдеуде орындалып, тыңдарманға тың леппен жол тартады.
Қанат Ражанов – Қостанай облыстық Елубай Өмірзақов атындағы филармония жанындағы «Ақжелең» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің де жетекші әншісі. Ол Қалибек Деріпсалдин, Бақытжан Сәуекенов, Алтай Сейітқасымов сынды өңірдің көрнекті композиторларының шығармаларын жаңаша стильде өңдеп, ұлттық өнерді жаңғыртып келеді.
Ал Әсем Искакова – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі. Ол – Қостанай сахнасына жетіген аспабын алғаш алып келген өнер иесі. Ұлттық мұраны насихаттап, осы көне аспапта шәкірттер тәрбиелеуде үлкен еңбек сіңіріп келеді. Жетекшілік еткен ансамбльдері республикалық және халықаралық байқауларда жүлдегер атанып, облыстың мәртебесін арттырып жүр.
Астанада өтетін бұл кеш – қос өнерпаздың туған ел мен жерге, ұлт өнеріне деген құрметінің айқын көрінісі. Кеш барысында халық әндерімен қатар авторлық, лирикалық және патриоттық бағыттағы шығармалар шырқалады. Тыңдарманға ерекше әсер, ұмытылмас сәт пен шынайы эмоциялар сыйлайтын концертте аспаптық Ұлы дала квинтетімен бірге жанды дауыста әндер шырқалады.
Сонымен қатар кештің қонақтары ретінде Нұриден Қабыкен, Талғат Сапабек, Жәуке Оңдаған және «Кербез сұлу» жетігеншілер тобы қатысады. Кештің жүргізушісі – Мұрат Нағашыбай.
Қанат пен Әсемнің өнер кешіне қатысып, саф өнердің ләззатын сезінгіңіз келсе, 27 қазан күні Жастар сарайында өтетін ерекше кешті жіберіп алмаңыз!
Мұхарбек Жәкейұлы