Пәкістанда Ясауи зерттеу орталығы ашылды
Салтанатты шараға сондай-ақ Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шариф, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Пәкістанның Білім және кәсіптік даярлау министрі Халид Мабул Сиддики қатысты.

Орталық Азия ислам білімі, мәдениеті және өркениетіне бағытталған Ясауи зерттеу орталығы Исламабадтағы Халықаралық ислам университетінің Ислам зерттеулері институтының базасында ашылды. Орталық ислам және өңірлік зерттеулер саласындағы бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, ғылыми пікірталастар ұйымдастыруға және академиялық диалогты дамытуға арналған интеллектуалдық платформа ретінде жұмыс істейді.
Алдағы кезеңде қазақстандық ғалымдардың Пәкістанға ғылыми сапарларын ұйымдастыру, пәкістандық мамандардың Түркістан қаласында дәрістер оқуы, бірлескен зерттеулер жүргізу және академиялық тәжірибе алмасу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби атындағы орталығы Қайд-и Азам университетінде ашылды. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің Қаныш Сәтбаев атындағы ғылыми-білім беру орталығы Ұлттық ғылым және технологиялар университетінде базасында ашылды.
Еске салсақ, Президентке Пәкістанның ең жоғары мемлекеттік Nishan-e-Pakistan ордені табысталды.
Фото: Ақорда










