Қызылорда: Аймақтың экологиялық мәселесі кеңес назарында
Бүгін AMANAT партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартайдың қатысуымен партия филиалы жанындағы Экологиялық кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Облыстық кеңес мүшелері алдымен соңғы құрылтайда көтерілген экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстар мен нақты шешімдерді ортаға салды. Сондай-ақ, кеңес отырысының күн тәртібіне қойылған негізгі мәселелерді талқылады. Яғни, кеңес құрамы жаңартылып, 2025 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Сонымен қатар 2026 жылдың жоспарын пысықталды.
Өткен жылы кеңес мүшелерімен 7 отырыс өтіп, онда 15 мәселе қаралған. Оның қорытындысымен түрлі органдарға 33 ұсыныс жолданыпты. Кеңес төрағасы Жорабек Нұрымбетов қоғамға маңызды мәселелер – білім беру ұйымдарында экологиялық тәрбие, қалдықтарды сұрыптап жинау, биологиялық тазарту станциясын жаңғырту, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы, «1000 ағаш – 1000 арман» экологиялық бастамасы, сондай-ақ мұнай өндірісінен туындаған қоршаған орта мәселелері көтерілген. Барлық ұсыныстар тиісті мекемелерге жолданып, орындалуы партия бақылауында болды, -деді.
Жиында күн тәртібіне орай кеңес құрамына өзгерістер жасалып, жаңа мүшелер қосылды. Жаңа мүшелер қатарында – «Сыр Табиғаты» заңды тұлғалар қауымдастығының төрағасы Сағи Өтебай және Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ерлан Ұзақбаев бар.
Мұнан соң кеңес мүшелері алдағы жоспарды қайта пысықтады. Жоспар партияның «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасы негізінде жасалып, жаңа ұсыныстарды да ескеруге мүмкіндік береді. Кеңес мүшелері жыл бойы экологиялық мәселелерді бақылау, тұрғындардың ұсыныстарын уақытылы тиісті мекемелерге жеткізу және орындалуын қадағалау бағытында бірлесіп жұмыс істейтін болды.
Жиынды қорытындылаған «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай: «Ел сенімі мен аманатын ақтауда алдымызда партия белсенділері ретінде бәрімізге бірдей зор міндет тұр. Кеңесте көтерілген әрбір мәселелер хаттамаға енгізіліп, республикалық кеңеске және жергілікті атқарушы органдарға ұсынылады. Бақылау біздің филиалдың назарында болады» – деп атап өтті.
Фото: Партияның облыстық филиалы












