Банктер салғырттығынан әскердегілердің несиесі 300 млн теңгеге жеткен
Банктер мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың несие төлемдерін кейінге қалдыруды уақытында рәсімдемеген. Әскери прокуратураның баспасөз қызметіне мәлімдегендей, сарбаздардың жалпы берешегі 300 млн теңгеге жетіпті.
Қадағалау органы мерзімді әскери қызметшілердің қызмет өткеру кезеңінде несиесін кейінге қалдыру құқығын қамтамасыз етті.
«Мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтар туралы мәлімет алмасуда мемлекеттік органдар мен банк ұйымдары арасында тиісті өзара іс-қимылдың болмауына байланысты сарбаздарға несие төлемдерін кейінге қалдыруды уақытында рәсімдемеу фактілері тіркелген», деп хабарлады бас әскери прокуратура.
Әскери прокурорлар іске араласуымен әскери қызметшілер мерзімін өтеп келгеннен кейін барып несиелерін төлейтін болды.
Қадағалау актісі негізінде қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен әскери қызметшілердің құқықтарын қатаң сақтау бойынша тиісті жұмыс жүргізген. Қазір бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.
Фото: ашық дереккөз












