Сыр елі: Қазалыда Алғыс айту күні аталып өтті
Қазалы ауданында 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Алғыс — елдіктің айғағы» атты мерекелік салтанатты шара өтті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Әйтеке би кенттік Мәдениет үйінде өткен мерекелік шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, аудан тұрғындарын көктем мезгілінің ең алғашқы шуақты мерекесімен құттықтады.
— Алғыс айту күні – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, еліміздің дамуы жолында аянбай тер төккен барлық азаматтардың бір-біріне құрмет білдіретін мерекесі. Қазалы – қойнауына құт қонған, өнер мен еңбек қатар тоғысқан, терең тарихы бар өлке. Ғасырға жуық кезеңде аудан тарихтың тағдырлы кезеңдерінен өзінің болмысын сақтап қалды. Осы уақыт ішінде елді дамыту жолында аянбай еңбек еткен аға-буын өкілдерінің еңбегі ерен. Нәтижесінде бүгінгі Қазалы — қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, түтіні түзу шыққан қасиетті мекенге айналып отыр. Әрине теңдесі жоқ киелі өлкенің дәл осылай өркендеп өсуі барша Қазалы жұртшылығының алғаусыз пейілі мен адал еңбегінің нәтижесі деп есептеймін. Осы сәтті пайдалана отырып, ауданымыздың өркендеуі жолында әрбір салада адал еңбек етіп жүрген барлық сала мамандарына шынайы алғыс айтамын. Халқымыз баласын үлкенді құрметтеуге, алғысын алуға тәрбиелеген. «Алтын алма, алғыс ал», «Алғыспен ер көгерер» деген тәрбиелік мәні бар мәтелдер осыдан туса керек. Олай болса, жабырқағанның жанынан табылайық, жылағанды жұбатайық, қиналғанды қуантайық! Бір-бірімізге деген алғысымыз шынайы, көңіліміз түзу болсын, – деді аудан әкімі.

Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген мерекені дәріптеген кеште ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосып, елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға Қазалы ауданының ең жоғары наградасы «Құрмет грамотасы» мен аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Салтанатты кеш мерекелік әндер шырқалып, жас ақындардың жаңа туындылары тыңдалған, мың бұрала билеген бишілер өнер көрсеткен мерекелік концертпен жалғасты.

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі












