Бір басында 1015 пәтері бар адам анықталды
Қазақстанда жылжымайтын мүлік иелеріне қатысты тың дерек жария болды. Азаматтарға арналған үкімет жүргізген есепке сәйкес, ел ішінде бір азаматтың атына 1015 пәтер тіркелгені анықталған,- деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.
Бұл көрсеткіш көпшілікті таңғалдырмай қоймайды. Алайда оның бұл мүліктерді қандай мақсатта иеленгені — инвестиция ма, бизнес пе, әлде өзге себеп бар ма — ресми ақпаратта нақтыланбаған.
Статистикаға сүйенсек, елімізде 172 236 азаматтың иелігінде 2-3-тен тұрғын үй бар. Ал 11 072 адамның меншігінде 5 пәтерден тіркелген.
Бұдан бөлек, 10 астам үйі бар қазақстандықтардың саны 1200-ден асады. Бұл деректер елдегі жылжымайтын мүлік нарығында мүлік шоғырлануының айтарлықтай деңгейде екенін аңғартады.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай көрсеткіштер тұрғын үй нарығындағы теңсіздік мәселесін қайта күн тәртібіне шығаруы мүмкін. Ал қарапайым халық үшін бір баспанаға қол жеткізудің өзі қиын болып тұрған шақта, мыңнан астам пәтердің бір адамның меншігінде болуы қоғамда түрлі сауал тудырары анық.

Фото; Ашық дереккөз












