Қызылордада Ұлттық спорт күні аталып өтті
Салтанатты шараның ашылуына басқарма басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы, 20-дан астам спорт саласының құрметті ардагері және ішке мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Ербол Күзембаев қатысып, барша сырбойылықтарды Ұлттық спорт күнімен құттықтады.
– Ең алдымен баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Алты Алашқа пана болған Сыр өңірі ежелден ұлттық спорттың алтын ордасы. Бүгінде аймағымызда 30 мыңнан астам азамат ұлттық спорттың 10 түрімен жүйелі түрде шұғылданады. Осының нәтижесінде аймақ спортшылары халықаралық және республикалық додаларда үздік нәтиже көрсетіп, ел мерейін үстем етіп жүр. Олардың қатарында қазақ күресінен Мақсат Исағабылов, Нұрым Сәлімгереев, Еңбек Сақтағанов, Руслан Теміржан, тоғызқұмалақтан Бексұлтан Бостандықов, алыш күресінен Назерке Әбілтаева, көкпардан өңір тарихында тұңғыш рет Әлем чемпионатына қатысып жатқан Медетбек Балғынбек сынды Сыр спортшылары ұлттық спортымызды ұлықтап, әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Алдағы уақытта осы спортшыларымыздың ізінен ерген жас өрендеріміз әлі де талай белестерді бағындырады деп сенемін, – деді басқарма басшысы.
Өз кезегінде спорт саласының құрметті ардагері Құрманғали Мырзаұлы көпшілік қауымға ақ батасын беріп, өзінің ізгі тілегін жеткізді.
Мерекелік шара барысы спорт саласының ардагерлері мен жиналған қауым спорт мекемелері дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, қолдау танытты.
Сондай-ақ, арқан тартыс, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, қол күресі, асық ату, ләңгі тебу, теңге ілу, тоғызқұмалақ, аударыспақ сынды ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылып, оған 400-ге жуық спортшы белсенді қатысты.
Айта кетейік, бүгінде Сыр өңірінде 33 577 адам ұлттық спортпен айналысады. Аймақта ұлттық спорттың басым көпшілігі ерекше қарқынмен дамып келеді.
Фото: Сыр спорты












