Сыр елі: Қазалыда 2 спорт кешенінің құрылысы жүруде
Қазір сол нысандардың бірі – Бекарыстан би ауылындағы спорт кешені жыл басында пайдалануға беріліп, ел игілігіне қызмет етуде. Ал Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылындағы спорт кешендерінің құрылысы қарқынды жалғасуда.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов ауданға жұмыс сапарымен келген облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаевпен бірге аталған спорт нысандарын аралады.
Алдымен Әйтеке би кентіндегі Қазалы мәдени-демалыс кешені аумағында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан спорт кешенінің құрылысын көрді. Жалпы құны 643 млн теңгені құрайтын нысанның құрылысын мердігер мекеме – «Болашақ» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда нысанда бу қазандығынан жылу жүйесін тарту, шатырын жабу және қасбетін қаптау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Бекарыстан би ауылындағы пайдалануға берілген спорт кешенінің жұмысы да назардан тыс қалмады. «Жылу ХХІ» ЖШС мердігерлігімен салынған бұл нысан бүгінде 3 мыңға жуық тұрғыны бар ауылда дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға, сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Жұмыс сапары барысында Қожабақы ауылындағы спорт кешенінің құрылысы да қаралды. Жоба құны 537,1 млн теңгені құрайтын нысан да «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Қазіргі таңда ғимараттың сыртқы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, ішкі әрлеу және сырлау жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік желілер тартылып, нысанды пайдалануға беру бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жалғасуда.
Фото: Қазалы ауданы әкімдігі












