«Қыз Жібек» фильміндегі тарихи костюмге қатысты дау күшейіп келеді. Бұған дейін мәдениет және спорт министрі болған Ақтоты Райымқұлова аталған мәселеге пікір білдіріп, продюсер Баян Алагөзованы сирек жәдігерді мұражай қорына тапсыруға шақырды.
Қазіргі таңда Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті қызметін атқарып отырған Райымқұлова бұл қамзолдың ұлттық құндылығы айрықша екенін атап өтті. Оның айтуынша, меценаттардың тарихи мұраны сақтауға атсалысқаны құптарлық, дегенмен мұндай бірегей дүниелер жеке меншікте қалмауы тиіс.
Айта кетейік, жуырда Баян Алагөзова әлеуметтік желіде өзіне «Қыз Жібек» фильмінде пайдаланылған қызғылт қамзол сыйға берілгенін жариялаған еді. Бұл киімді кезінде актриса Меруерт Өтекешева киген. Осы жайт қоғамда үлкен пікірталас туғызып, көпшілік тарихи мұраның жеке қолға өтуіне алаңдаушылық білдірді.
Өз кезегінде продюсер сынға жауап беріп, әрекетін түсіндіруге тырысқан. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қазақфильм» қорында мұндай қамзолдың бір ғана түпнұсқасы сақтаулы екенін және оның мемлекет бақылауында екенін хабарлады. Қазіргі уақытта құзырлы органдар тарихи киімнің жеке адамға қалай берілгенін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар, фильмде басты рөлді сомдаған Меруерт Өтекешева продюсердің қолындағы қамзолдың түпнұсқа екенін растаған.