Алматы облысының Талғар ауданында тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. Гүлдала ауылындағы мейрамханалардың бірінде 20 жастағы жас жігітке белгісіз топ шабуыл жасап, ол алған жарақаттарынан көз жұмған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жігітке 10-нан астам адам жабылып, аяусыз соққыға жыққан. Оқиға орнында ауыр жарақат алған ол тіл тартпай кеткен.

Марқұмның туыстарының айтуынша, олардың қолында бейнежазба дәлелдер мен 30-дан астам куәгер бар. Сонымен қатар олар өздеріне қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдейді. Туыстары күдіктілер тарапынан істі «келісіммен жабу» мақсатында құжаттарға қол қоюға мәжбүрлеу әрекеттері болғанын алға тартты.

Алматы облыстық Полиция департаменті аталған деректі растады. Ведомствоның мәліметінше, 12 сәуір күні болған оқиғаға байланысты «кісі өлтіру» және «бұзақылық» баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалған.

Жедел іздестіру шаралары барысында негізгі күдікті ретінде 20 жастағы азамат ұсталып, қамауға алынған. Бұдан бөлек, бұзақылық дерегі бойынша тағы үш адам ұсталған. Олардың екеуіне сот үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындаса, бір кәмелетке толмаған күдіктіге қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес шара қолданылған.

Қазіргі уақытта барлық куәгерлер анықталып, тергеу аясында жауап алынуда. Құзырлы органдар оқиғаның мән-жайын толық әрі объективті анықтау үшін қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Іс барысы Алматы облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

Айта кетейік, бұған дейін де Талғар қаласында жасөспірімнің өлімімен аяқталған ұқсас оқиға тіркелген еді.

Фото: Ашық дереккөз

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *