Қармақшы ауданындағы құрылыстар бақылауда
Қызылордадағы Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек Жосалы кентіндегі бірқатар нысандарды аралап, онда атқарылып жатқан құрылыс және жөндеу жұмыстарын бақылады, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Алдымен аудан басшысы мемлекеттік мүліктің теңгеріміндегі ғимараттың ағымдағы жөндеу жұмыстарын көрді. Бұл жобаға тиісті қаржы бөлініп, қазіргі таңда нысанда ішкі қабырғаларды сылау, есік-терезелерді ауыстыру, кәріз жүйесі мен жылу құбырларын жаңарту, шатырын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар мердігер мекеме өз қаражаты есебінен ғимараттың қасбетін де жаңғыртатын болады. Құрылыс жұмыстары маусым айында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Мұнан соң аудан әкімі Ораз ахун көшесі бойында салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолының құрылысымен танысты. Ұзындығы 1700 метрді, ені 1,5 метрді құрайтын жобаға тиісті қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба биылғы маусым айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сондай-ақ аудан басшысы кент кіреберісінде орналасқан Дендропарк аумағында болып, мұндағы атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Мұнда Жандос Еркінбек тазалық жұмыстарының сапалы және берілген тапсырмалардың кемшіліксіз орындалуын қатаң тапсырды.
Нысандарды аралау барысында жауапты сала басшылары мен мердігер мекемелерге құрылыс сапасын жауапты бақылауда ұстап: «жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау қажет»,- деп атап өтті.
Фото: Қармақшы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі












