Қазақстанда су тапшылығы енді болашақтың болжамы емес, бүгінгі күннің нақты проблемасына айналып барады. Бірқатар аймақтар қазірдің өзінде құрылымдық су тапшылығын сезініп отыр. Ал ауыл шаруашылығында кей жағдайда пайдаланылған судың 60%-ына дейін ысырап болатыны анықталған. 

Бұрын су дағдарысы жайлы көбіне сарапшылар ғана айтса, бүгінде бұл мәселені мемлекеттің өзі ашық көтере бастады. Ведомство мәліметінше, климаттың өзгеруі, халық санының өсуі, өндірістің дамуы және трансшекаралық өзендерге тәуелділік елдегі су балансына қысымды күшейтіп отыр.

Министрлік болжамынша, 2030 жылға қарай Қазақстандағы өзен ағыны орта есеппен тағы 2 млрд текше метрге қысқаруы мүмкін.

Қай өңірлерде су жетіспейді?

Қазірдің өзінде бірнеше облыста су тапшылығы тұрақты сипат алған.

Министрлік мәліметіне сәйкес, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстары орналасқан су бассейндерінде құрылымдық тапшылық байқалады. Яғни мәселе елдің орталығын, батысын және оңтүстігін қамтып отыр.

Ал су ресурстарымен салыстырмалы түрде жақсы қамтамасыз етілген өңірлер ретінде Ертіс пен Балқаш бассейндері аталды.

Ведомство Нұра-Сарысу бассейнін өз су қорына ең кедей аймақтардың бірі деп сипаттады.

Су қайда кетіп жатыр? 

Ең үлкен мәселе — судың аздығы ғана емес, бар судың тиімсіз жұмсалуы.

Қазақстандағы жалпы су тұтынудың шамамен 60%-ы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Дәл осы секторда ең көп шығын тіркеледі.

Министрлік дерегінше, кей жағдайда ауыл шаруашылығындағы судың өнімсіз шығыны 60%-ға дейін жетеді.

Егер жағдай өзгермесе не болады?

Ведомство алдағы жылдары суға түсетін қысым одан әрі арта түсетінін жасырмайды.

Ел халқы көбейіп жатыр, өндіріс дамуда, мал шаруашылығы мен аквакультура көлемі ұлғаюда. Бұл су тұтыну көлемінің де арта беретінін білдіреді.

Сонымен қатар Қазақстан трансшекаралық өзендерге тәуелді. Сондықтан су мәселесі тек табиғи жағдайға емес, көрші елдердің саясатына да байланысты.

Мемлекеттің жоспары: 42 жаңа су қоймасы

Су дағдарысының алдын алу үшін Қазақстан ірі инфрақұрылымдық жобаларды қолға алмақ. 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасы салынады,37 қолданыстағы су қоймасы жаңғыртылады, 14,5 мың шақырым канал модернизациядан өтеді және

110 гидротехникалық нысан жөнделеді.

Министрлік есебінше, бұл шаралар қосымша 2,6 млрд текше метр су жинауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ көрші елдерге тәуелділікті 15%-ға азайтып, каналдардағы су жоғалтуды қазіргі 47–50%-дан 35%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.

 Қазірдің өзінде не істелді?

Тек 2025 жылдың өзінде елде 147 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 53-і аяқталған.

Нәтижесінде 677 шақырым ирригациялық желі жаңартылды.Сондай-ақ төрт ірі су қоймасы реконструкцияланды. Және 15 топтық су құбыры салынды және жаңғыртылды.

Бұдан бөлек, Түркістан облысында “Бәйдібек ата” және “Қарақуыс” су қоймаларының құрылысы жүріп жатыр.

Қытай, Өзбекстан және үлкен өзендер мәселесі

Сырдария, Іле және Ертіс секілді трансшекаралық өзендер мәселесі де бақылауда.

Министрлік мәліметінше, биыл сәуірде Бұхарада Орталық Азия елдері 2026 жылғы вегетациялық кезеңге арналған су пайдалану лимиттерін келіскен.

Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария бассейніндегі суды бірлесіп басқару жөнінде жаңа келісімге қол қойған.

Ал Қытаймен келіссөздерде негізгі түйткіл әлі шешілмеген.

Ведомствоның хабарлауынша, Қытаймен трансшекаралық өзен суларын бөлуге қатысты нақты құқықтық базаның болмауы – басты мәселе.

Соған қарамастан, екіжақты комиссиялар мен жұмыс топтарының жұмысы нәтижесінде Іле мен Ертіс өзендері бойынша Қазақстанға келетін су көлемі көпжылдық орташа деңгейде сақталып отырғаны айтылды.

Сарапшылардың пікірінше, су тапшылығы енді тек коммуналдық мәселе емес. Бұл – экономикаға, азық-түлік қауіпсіздігіне және тұтас өңірлердің болашағына тікелей әсер ететін стратегиялық тақырыпқа айналып келеді.

Фото: ашық дереккөз

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *