Қазалылық Соцалистік Еңбек Ері таңдауын жасады
Қызылорда облысындағы Қазалы ауданы, Тасарық ауылдық округіне қарасты, Лақалы ауылында тұратын Соцалистік Еңбек ері, Қазалы ауданының құрметті азаматы Кәрібоз Әлимаев республикалық референдумда дауыс берді, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Еңбек ерінің шаңырағына Лақалы ауылындағы № 76 референдум учаскесінің үйден дауыс беру жәшігі арнайы жеткізілді.
– Ел тарихындағы осындай саяси оқиғаның қатысушысы болғаныма, ел болашағы үшін жасалып жатқан реформаға өз даусым арқылы үлес қосқаныма қуаныштымын. Елеулі өзгерісті қалайтын, ел тағдырына алаңдайтын барлық азаматтарды, жастарды бүгінгі шарадан қалыс қалмау керек. Халқымыз аман болсын! Мемлекетіміз жасай берсін.Өзгерістердің барлығы оңынан болсын, – дейді еңбек ардагері.
Учаскелік референдум комиссиясының төрағасы маңызды шараға бей-жай қарамаған қазыналы қарияға естелік сыйлық табыстады.
Кәрібоз Әлімаев – ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар табанды еңбек етіп, елдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың бірі. Ол күріш шаруашылығында механизатор болып еңбек етіп, маңдай терімен жоғары жетістіктерге жетіп, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған.
Фото: Қазалы ауданының әкімдігі












