Сыр елі: Қармақшылықтар Әнұранды бір мезетте шырқады
Мемлекеттік рәміздер күніне орай Қызылордадағы Қармақшы ауданының тұрғындарыбір мезетте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындады, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған мерекелік іс-шара орталық алаңда өтіп, оған бөлім мен мекеме қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, сот үкіметтік емес ұйым мүшелері, ардагерлер мен жастар қатысты.

Салтанатты шара барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек жиналған қауымды мерекемен құттықтап:
– Біз бәріміз осы ауданның әрбір тұрғыны алдында жауаптымыз. Қандай шешім қабылдасақ та, қандай қадам жасасақ та, оның барлығы жерлестеріміздің әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс. Еліміздің көк Туы әрдайым биікте желбірей берсін, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков мемлекеттік рәміздердің ел бірлігі мен тәуелсіздігінің басты нышаны екенін атап өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар Мемлекеттік Әнұранды бірге орындап, еліміздің рәміздеріне деген құрметін білдірді.
Фото: Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі











