«Ауыл аманаты»: Сырдария ауданында кәсіп ашуға ынталылар көбейді
Қызылордадағы Сырдария ауданында 2024-2025 жылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие комитетінің шешіміне сәйкес, 283,2 млн теңге болатын 29 жобаға несие мақұлданған, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Сонымен қатар, 2024 жылы аудан әкімдігі арқылы Бесарық ауылының орталығынан 3600 шаршы метр жер учаскесі табысталып, «Абай-Даулет» серіктестігінің демеушілігімен шағын өндірістік аймақ салынды. Ғимаратта 12 кәсіпорын орналасқан. Оның ішінде Өңірлік инвестициялық орталығынан қаржыланған 4, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен қаржыланған 3 және жеке қаражат есебінен 5 кәсіпорын жұмыс істеуде. Айталық, осылардың арасында «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен наубайхана, кондитерлік цех, шұлық өндіретін цех ашылды.

Ал былтыр желтоқсан айынан бастап бүгінгі күнге дейін аудандағы жоба бойынша қосымша қаржы бөлініп, құны 527,3 млн теңгеге 69 жоба ұсынылған. Оның ішінде балық, мал, омарта шаруашылығы, арнайы техника сатып алу, өңдеу саласы және басқа да бағыттар бойынша кәсіп түрлері бар.

Қазір аталған жобалар арнайы комиссияда қаралып, 285,6 млн теңгені құрайтын 43 жобаға мақұлдама берілген. Алдағы уақытта да Сырдариядағы ауыл халқын тұрақты қолдау мақсатында мұндай қолдау жұмыстары жалғасын таба бермек.
Фото: Сырдария ауданы АШжЖҚ бөлімі












