Студенттер түзеу мекемесінің жұмысымен танысты
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 мекемеге экскурсия жасап, түзеу мекемесінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарға заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіру, құқық бұзушылықтың салдарын нақты мысалдар арқылы көрсету және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Мұндай кездесулер жас буынның заңға құрметпен қарауына және құқықтық мәдениетінің қалыптасуына ықпал етеді.
№37 мекеме қауіпсіздігі барынша төмен түзеу мекемесі саналады. Қазіргі уақытта мұнда 200-ден астам сотталған жазасын өтеп жатыр. Олардың басым бөлігі абайсызда жасалған қылмыстар үшін сотталған азаматтар. Экскурсия барысында студенттер сотталғандардың жатақханасын, асханасын, кітапханасын және тәртіптік изоляторын аралап көрді. Сонымен қатар мекеменің күнделікті қызметімен, сотталғандарды еңбекке тарту бағытындағы жұмыстармен және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін жасалған жағдайлармен танысты. Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мекеме қызметкерлерінен жан-жақты жауап алды. Мамандардың айтуынша, мұндай танымдық іс-шаралар жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдағы жауапкершілік сезімін арттыруға септігін тигізеді.
Фото: ҚАЖ












