Сыр елі: Қармақшыдағы инфрақұрылымдық жобалар тоқтамайды
Бүгінге дейін Қызылордадағы Қармақшы ауданына қарасты Төретам кенті мен Ақай ауылына газ барып, көпшілікті қуантқан еді. Тұрғын саны мол елді мекендерді газдандыру жұмыстарына 1,2 млрд теңге бөлінген. Одан бөлек, Сырдария өзенінің екінші бетіндегі ауылдарға газ тарту жобасы қолға алынды. Өткен жылы Дүр Оңғар ауылын газдандыруға 7,1 млрд теңге қаржы бөлініп, құрылысы толық аяқталды.
Осы жылы Иіркөл мен Төребай би ауылына газ желілерін тартуға жоба-сметалық құжат әзірленіп, құрылысы басталып кетті.
– Иіркөлде 151 үй мен 6 әлеуметтік нысан бар. Жоба аясында құрылыс-монтаж жұмыстары уақытылы жүруде. Қазір 30 үйге газ нүктесі жетті. Құбырлардың 80 пайызын өз бағытымен орналастырдық. 6 шақырымға жуық құбыр тартылды. Біздің тарапымыздан қажетті техникалар мен жұмысшылар толық жұмылдырылған. Бір ай көлемінде газ тарту жұмысын аяқтаймыз, – дейді «Арал Құрылыс» мердігер мекемесінің жауапты өкілі Батырхан Ақмамбетов.

Төребай би ауылындағы жоба аясында 21 шақырымнан астам газ құбыры тартылуда. Қазір 17,5 шақырым құбыр төселіп, жоспарланған 93 үйдің 60-ына газ нүктелері орнатылған. Құрылысты алдағы 10 күнде аяқтау жоспарланыпты.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, бүгінде Қармақшы ауданда «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету көрсеткіші 79,2 пайызды құрап отыр. Жоғарыда айтқандай, Иіркөл мен Төребай би ауылдары табиғи газға қосылса, бұл көрсеткіш 81,3 пайызға дейін ұлғаяды.
Екіншіден, 2024-2025 жылдары Т.Көмекбаев, Ақтөбе, Иіркөл және Дүр Оңғар ауылдарының электр желілерін қайта жаңғыртуға 1 млрд 385,9 млн теңге қаралып, құрылыс жүрді. Бүгінде аудандағы электр желілерінің тозу деңгейі 80-нен 66 пайызға төмендеген.
Қармақшыда 11 ұлт мекендейтін ІІІ Интернационал деп аталатын ауыл бар. Былтыр ғана осы ауылда дене шынықтыру кешені пайдалануға берілген болатын. Қазір мұнда 100-ге жуық бала күреспен шұғылданады.

– Ауылда 2400-ге жуық тұрғын бар. Көбісі шаруашылықта жұмыс істейді. Кешегі көктемде 5276 гектар жерге түрлі дақыл егілді. Халыққа, әсіресе өскелең ұрпаққа қажетті нысандар құрылысын жүргізу – басты назарымызда. Айталық, былтыр шілде айында 49 млн теңгеге балалар ойын алаңы салынды. Сондай-ақ Үкімет қолдауымен 409 млн теңге қаржыға спорт кешені салынғанын білесіздер. Қазір онда күрестің екі түрінен дайындайтын үйірме жұмыс істеп тұр, – дейді ауыл әкімі Жеткерген Қалымбетов.

Айтпақшы, дәл осындай спорт кешені былтыр Дүр Оңғар ауылында да жұмысын бастады. Құны 381 млн теңгеден асатын ғимаратта ауыл балалары түрлі спорт үйірмелеріне қатысып жүр. Түрлі деңгейдегі жарысқа қатысып, жүлде алып жүргендер де жоқ емес.
Сондай-ақ осы елді мекенде екі жыл бұрын жаңа дәрігерлік амбулатория да салынған. Жаңа ғимаратта тіркеу бөлмесі, қабылдау бөлмесі, дәріхана, изолятор, физиотерапия кабинеті, егу бөлмесі, зертхана, мұрағат, күндізгі стационар және жалпы практика дәрігерінің кабинеті қарастырылыпты. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасалған.

Дәрігер Динара Елеусінованың айтуынша, емдеу мекемесі тәулігіне орта есеппен 35 азаматты қабылдайды. Мұнда емдеу шараларымен қатар профилактикалық екпе егу жұмыстары да жүйелі жүргізіледі. Тұрғындар мемлекет тарапынан тегін дәрі-дәрмекпен толық қамтылған.

Ал ауыл әкімі Әбимүсілім Қоқановтың сөзінше, өткен жылы ауылдағы электр бағаналары түгелдей жаңартылған. Ең басты қуаныш – Дүр Оңғарға газдың келуі. Бұған 7,1 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген еді. Егінмен айналысатын 400 шаңырақ қазір көмір тасып, от жағу бейнетінен құтылған.
– Президент пен Үкіметтің арқасы ғой. Әйтпесе, көз ашқалы ошаққа от жағып, күл шығарып келген біздің бейнет ұмытылмас. Қазір ауылдастарымның қуанышында шек жоқ. Заманға ілесе, көштен қалмай қаладағы тұрмыспен ауылдың тіршілігін бірдей қылып қойды. Суың мен жарығың, енді міне, газың үйіңе кіріп тұр. Қазіргі балаларда арман жоқ қой, –деп ағынан жарылды ауыл анасы Мафура Нұрмағамбетова.

Газдандырудан бөлек, жалпы инфрақұрылымды дамыту, жол сапасын жақсарту, ауызсу, электр желілері мен түнгі жарықтандыру, қажетті әлеуметтік нысандар – тұрғындар жиі көтеретін мәселе екені белгілі. Біз қорытындысында аудан әкімі Жандос Еркінбекұлымен тілдестік. Әкім аталған мәселелерден бөлек, аудан экономикасының негізі – ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу басты назарда тұрғанын баса айтты.
– Қазір халық өміріне тікелей әсер ететін мәселелерге басымдық берілуде. Жалпы инфрақұрылымды дамыту, жол сапасын жақсарту, ауызсу, «көгілдір отын», электр желілері мен түнгі жарықтандыру, қажетті әлеуметтік нысандар – тұрғындардың жиі көтеретін сұрақтары. Осы бағыттарда өз кезеңімен жүйелі жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, аудан экономикасының негізі саналатын ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу да назардан тыс қалған жоқ. Бұл бағытта Президент пен Үкіметтің және облыс әкімі тарапынан қолдаулар біз үшін маңызды, – деді аудан басшысы.

Әкімнің айтуынша, мұндай үлкен қолдау арқасында аудандық маңызы бар жолдар 100 пайыз жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткен. Екіншіден, аудан тұрғындары 100 пайыз ауызсумен қамтылған. Жоғарыда айтып өткендей, электр жүйелері де жыл сайын жаңаруда.
– Ауданға қарасты екі кент, 12 ауыл бар. Қазір осы елді мекендерге баратын жолдарға ағымдық немесе күрделі жөндеу уақытылы жүргізіліп келеді. Барлық ауылдық округтерге қатынайтын автомобиль жолының мәселесі толық шешілді. Жоспарға сәйкес, біз әр ауылға газ құбырын жеткізу жұмыстарын да жолға қойдық. Ендігі мәселе – Жосалы кентіндегі аспалы теміржол көпіріне байланысты. Қуаныштысы, ұзақ жыл бойы көлік қозғалысына кедергі болған мәселенің тетігі шешілді. Бұған дейін қаржысы 5,5 млрд теңге болатын көпірдің жоба-сметалық құжаты дайындалып, тиісті басқармаға ұсыныс әзірленген болатын. Қазір салалық министрліктен көпір құрылысы оң қорытындысын алды. Енді алдағы шілде айында көпір құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Әрине, мұндай ауқымды жобаның сапалы бітуін ел ақсақалдары, белсенді азаматтармен бірге қадағалайтын боламыз, – деп түйіндеді сөзін Жандос Еркінбекұлы.

52 мыңнан астам халқы бар Қорқыт елі – Қармақшыда жүріп жатқан жұмыстың бір парасы осындай. Басты кәсібі – егін мен төрт түлікке байланған ауданның дамуы қуантады.
Фото: Нұрболат Нұржаубай












