Прокурор Айжан Аймағанова депутат болу үшін қызметін тастады
Қуандық Бишімбаев ісінде прокурор болып танылған Айжан Аймағанова енді Құрылтай сайлауына түсіп, депутат болмақшы. Сол үшін прокуратурадағы қызметінен де кетті. Бұл туралы ол инстаграмдағы парақшасында жазды.
«Соңғы күндері әлеуметтік желілерде менің «Әділет» партиясынан депутаттыққа кандидат болып ұсынылғаным туралы ақпарат қызу түрде талқылануда. Осы жағдайға байланысты өз атымнан түсініктеме беруді жөн көрдім. Мен ұзақ жылдар бойы прокуратура органдарында заңға, мемлекетке қызмет етіп, азаматтардың құқықтарын қорғау үшін жұмыс істедім. Кандидат болып ұсынылуыма байланысты мен прокуратурадан жұмыстан шықтым. Бұл – заңның талабы, мен оны толық орындадым», – деп жазды ол парақшасына.
Аймағанованың сөзінше, бұл шешімді ол саналы түрде таңдаған.
«Бұл шешімді мен саналы түрде қабылдадым. Менің кәсіби тәжірибем мен білімім заң шығару қызметінде, сондай-ақ азаматтарымызды толғандыратын мәселелерді шешуде пайдалы бола алатынына сенімдімін. Қолдау мен ықыластарыңыз және сұрақтарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Бұл мен үшін өте маңызды. Алда атқарылар жұмыс көп, мен ашық диалогқа дайынмын», – деді бұрынғы прокурор.
Аймағанова 10 шілдеде «Әділет» партиясы атынан Құрылтайға депутаттыққа ұсынылды.












