«Қазгидромет» мамандарының алдын ала болжамына сәйкес, Қазақстанда 2026-2027 жылғы қыс климаттық нормадан жылы болады.

Сөйте тұра елдің кей өңірлерінде жауын-шашын мөлшері әдеттегіден көп болуы мүмкін. Синоптиктер температураның күрт ауытқуы, боран, тұман және көктайғақ қаупі бар екенін де ескертті.

Қазақстанда қыс қандай болады?

Маусымдық консультативтік болжамға сәйкес, алдағы қыста Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болады деп күтіледі. Ал елдің солтүстік-батысы, солтүстігі, солтүстік-шығысы мен орталығының жекелеген аудандарында жауын-шашын мөлшері әдеттегіден көбірек болуы ықтимал.

Қыс мезгілінде боран соғып, жел күшеюі, тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін. Температураның күрт өзгеруі салдарынан қардың бетінде мұз қабаты қалыптасу қаупі де бар.

Желтоқсан

Желтоқсанда Қазақстанның бүкіл аумағында ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 2 градусқа жоғары болады деп болжанып отыр.

Елдің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жуық болады. Ал солтүстік өңірлерде, сондай-ақ солтүстік-батыс пен солтүстік-шығыстың жекелеген аудандарында қар мен жаңбыр әдеттегіден көбірек жаууы мүмкін.

Жауын-шашын мөлшері нормадан асуы ықтимал өңірлердің қатарында Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Абай облысы бар.

Қаңтар

Қаңтарда Қазақстанның басым бөлігінде ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 1-2 градус жоғары болады деп күтіледі.

Ал елдің батыс бөлігінде, соның ішінде Батыс Қазақстан облысында, Атырау облысының басым бөлігінде, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының көп аумағында, сондай-ақ Ақмола облысының солтүстік-батысында температура климаттық нормаға жуық болады.

Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері де норма шамасында болжанып отыр. Ал Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысында, Атырау және Маңғыстау облыстарының батысында жауын-шашын әдеттегіден көбірек түсуі мүмкін.

Керісінше, Қызылорда, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының кей аудандарында, сондай-ақ Жетісу, Ұлытау және Абай облыстарында жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан төмен болуы ықтимал.

Ақпан

Ақпанда Қазақстанның басым бөлігінде ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 1-3 градус жоғары болады деп болжануда.

Ал елдің солтүстігі мен шығысында температура норма шамасында сақталуы мүмкін. Бұл қатарға Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары, Павлодар облысының басым бөлігі, Абай облысының солтүстік-шығысы, Қостанай мен Ақмола облыстарының солтүстігі кіреді.

Ақпан айында елдің көптеген өңірінде жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болуы мүмкін. Ал Қазақстанның батыс жартысында жауын-шашын негізінен нормаға жуық болады деп күтіледі.

Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде және Қызылорда облысының оңтүстік-батысында жауын-шашын мөлшері нормадан аз болуы ықтимал.

Айта кетейік, бұған дейін синоптиктер 2026 жылғы қарашаға арналған консультативтік болжам жариялаған болатын. Соған сәйкес, қарашада Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 2 градус жоғары болады. Сонымен қатар бірқатар өңірде жауын-шашын мөлшері әдеттегіден көп болуы мүмкін.

Фото: unsplash.com/Krists Luhaers

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *