Мемлекет басшысының жолдауын талқылауға арналған «BIR TOLQYNDA» шарасы өтті
«Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған «BIR TOLQYNDA» диалог алаңы өтті.
Кездесудің мақсаты – Президент Жолдауында айқындалған басым бағыттарды жастар арасында талқылау, ел дамуының өзекті мәселелері бойынша сарапшылар пікірін тыңдау және жас буынның ұсыныс-пікірлеріне құлақ асу.

Диалог алаңында ауыл-аймақтарды дамыту, еңбек адамының құқығын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, шағын және орта бизнесті қолдау, цифрландыру, логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері сөз болды. Сонымен қатар жастардың қоғамдағы рөлі мен ел болашағына қосар үлесі жөнінде пікір алмасылды.
Жиынға облыстық кәсіподақтар комитетінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-офицері Әлібек Жаппасбаев және «Әділет» құқықтық қызмет көрсету орталығының негізін қалаушы, заңгер Дәулет Ізбасарұлы қатысты.

Сарапшылар Жолдауда көтерілген бастамаларға қатысты өз ойларын ортаға салып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Ашық форматта өткен кездесуде жастар ел дамуының басым бағыттарын талқылап, өздерін толғандырған мәселелер бойынша пікір білдірді. Облыстық кәсіподақтар комитетінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев Жолдаудағы бастамалардың жастардың болашағы мен өңірлердің дамуы үшін маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекет басшысы Жолдауында ауыл-аймақтарды дамыту, еңбек адамының құқығын қорғау, «Таза Қазақстан» акциясы, ұлттық қор қаражатын ұрпақ игілігіне жарату, логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру, шағын және орта бизнесті қолдау, цифрландыру мәселелеріне басымдық берді. Мұның барлығы – келешек ұрпақтың игілігіне, жастарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған бастамалар.
Қазіргі таңда Сыр елі ауқымды құрылыс алаңына айналды. Алдағы жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау Қызылорда қаласымен қатар, аудан орталықтары мен ауылдардың дамуына да тың серпін береді деп сенеміз. Әсіресе ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымның жаңаруы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының алға қойған негізгі мақсат-міндеттерінің түпкі мәні де – елдің ертеңін қалыптастыратын жастардың болашағына жағдай жасау», – деді Мақсұт Нәлібаев.
Мұндай диалог алаңдары жастардың мемлекеттік бастамаларға қатысты көзқарасын қалыптастырып қана қоймай, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына да мүмкіндік береді. Жастардың пікірін тыңдау, ұсыныстарын ескеру және ел болашағына қатысты маңызды мәселелерді бірге талқылау – қоғамның дамуына жол ашатын маңызды қадам.













