«Болашақ үшін ағаш отырғызайық» акциясы өтті
Бүгін Қызылорда облысы Қармақшы ауданында қоршаған ортаны қорғап, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында «Болашақ үшін ағаш отырғызайық» акциясы аясында ауқымды тал егу іс-шарасы өткізілді,- деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.
Игі бастамаға аудан әкімінің тапсырмасымен аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев қатысып:
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Таза Қазақстан – бұл біздің өмір салтымыз»,- деп атап өтті. Осы сөз -әрбір азаматты табиғатты аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырған үлкен үндеу. Осы орайда, бүгінгі шараға қатысып, белсенділік танытып отырған барша тұрғындарға шынайы алғысымды білдіремін! Келешекте де осындай бастамалар өз жалғасын табады деп сенемін,- деді.

Іс-шара барысында құрылыс саласының ардагері Қаршыға Есдәулетов сөз сөйлеп, жиналған қауымға ақ батасын беріп, елдің амандығы мен ауданның өркендеуін тіледі.

Биыл аудан аумағын көгалдандыру мақсатында барлығы 6 750 түп ағаш отырғызу жоспарланған. Бүгінгі акция барысында аудан көлемінде 500-ден астам түп тал егілді. Бұдан бөлек тазалық және көгалдандыру жұмыстарына кент және ауылдық округтерден 155 мекеме қатысып, 1 760 адам мен 4 арнайы техника жұмылдырылды.

Сонымен қатар сенбілік аясында елді мекендердегі қоқыстарды тазарту, абаттандыру, су жолдарын тазарту жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 5 тонна қоқыс шығарылды.












