Семей қаласындағы Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада этносаралық келісімді нығайтудағы бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалына арналған Журналистер клубының кеңейтілген отырысы өтті. Басқосуда «Этносаралық қатынастар саласының жаңа архитектурасы: БАҚ рөлі» тақырыбы аясында өзекті мәселелер талқыланды, — деп хабарлайды Fastnews.kz ақпараттық сайты. 

Жиынға Абай облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Түсіпбекұлы, Журналистер клубының төрағасы, қоғам қайраткері Әлішер Сатвалдиев, клуб мүшелері, этностық бағыттағы БАҚ өкілдері, медиа мамандар, журналистер, блогерлер және өңірлік «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз қызметкерлері қатысты.

Кездесудің негізгі өзегі – ақпарат құралдарының қоғамдағы тұрақтылық пен этносаралық татулықты қалыптастырудағы жауапкершілігі болды. Қатысушылар этносаралық тақырыптарды жариялау кезінде кәсіби әдепті сақтау, ақпараттың шынайылығын қамтамасыз ету және қоғамға ықтимал әсерін ескеру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар медиа кеңістікте туындайтын мәселелер мен олардың алдын алу жолдары жөнінде пікір алмасты.

Жиынның тәжірибелік бөлігінде БАҚ өкілдеріне арналған бірқатар оқыту тренингтері ұйымдастырылды. Спикерлер журналистикадағы кәсіби шешім қабылдау, медиасауаттылық, жалған ақпаратпен күрес, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану және этносаралық тақырыптарды жариялаудағы жауапкершілік мәселелерін кеңінен қамтыды.

Атап айтқанда, 24KZ телеарнасы жаңалықтар қызметінің продюсері Қайнар Егізбаев «Журналистикадағы продюсерлік: шешім, тәуекел, жауапкершілік» тақырыбында тәжірибесімен бөлісті. Ол ақпараттық өнімді әзірлеу, тың идеяны эфирге шығару және материалды іріктеу барысында қабылданатын шешімдердің маңызын түсіндірді.

«Қоғамдық келісім» РММ жетекші сарапшысы Наргиз Шотпай «Медиасауаттылық – қауіпсіз болашақтың кепілі» тақырыбында дәріс оқып, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау, дереккөздердің сенімділігін анықтау және жалған мәліметтердің таралуына жол бермеу жолдарын таныстырды.

Ал Абай облыстық телеарнасының директоры Нұрбек Бекен «Жасанды интеллект және журналистика: жаңа құралдар, жаңа жауапкершілік» тақырыбын қозғап, заманауи технологиялардың медиа саласына ықпалы мен оларды қолданудағы кәсіби жауапкершілікке тоқталды.

Сондай-ақ «Abay Media Group» ЖШС директорының орынбасары Думан Кенжеғазин «Этносаралық тақырыпты БАҚ-та жариялау: кәсіби тәсілдер және қоғамдық жауапкершілік» тақырыбында сөз сөйлеп, мұндай материалдарды әзірлеуде бейтараптық, сауаттылық пен жауапты ұстанымның маңызын атап өтті.

Басқосу барысында Журналистер клубының алдағы жұмыс бағыттары да назардан тыс қалмады. Қатысушылар клубтың кәсіби тәжірибе алмасу алаңы ретіндегі әлеуетін арттыру мәселесін талқылады. 

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *