Ой, жарықтық, Фариза апам!.. Апай туралы ойлағанда жадыма талай нәрселер оралады. Соның бәрін асықпай қағазға түсіруім керек-ақ… Фаризаның достары да, олармен қарым-қатынасы да қызық еді. Солардың бірі — “буыршынның бұта шайнар азуы” Асқар Сүлейменов болатын. Сыртынан “Фариза-фашистка” деп еркелететін. Бір қарағанда, ерсі теңеу көрінгенмен, Асекең айтқанда өзгеше бір жарасым табатын. Айтпақшы, кейін сыртымнан ылғи бәлелі “сәлемдер” мен жалалы “өлеңдер” боратып жүретін “ышқырбас-қарғысиолог” інгерім Апама: “Светқали сізді “фашистка” деп атайды” деп арыз жазыпты. Астанада бір кездескенде Фариза апам осыны айтып ішек-сілесі қатып күлгені бар. Қызық, менің үстімнен жоғарыға, заң орындарына жазылған арыз көп, солар ылғи бір жаймашуақ күлкілі әңгімеге тамызық болып алдымнан шығып отырады. Осыған өзім де әлі күнге таңғалам…

Қаңтардай қақап тұрып, лезде майса мамырдай, жайсаң жаздай жарқырап шыға келетін Фариза-болмыс сағындырады. Ол, өйткені Талант пен Тектіліктен, Ар мен Намыстан құйылған ТҮПНҰСҚА болатын! Қазіргі кейбір “ксерокопиялар”, өле қалса да, Фаризаның шешіп кеткен кебісін әкеле алмайды! Түпнұсқа қашанда біреу-ақ болады! Мысалы, өзін “мен — Махамбетпін!” деп жарнамалап жүретін жарыместер бар екенін жақсы білем. Алайда сасық кеудесінде кәрәкүл қойдың үйтілген құйқасындай сиықсыз басы ырсиып тұрған міскінге ел тағы да, қата қалса да, сенбейді!

ТҮПНҰСҚАЛАР ЖАСАСЫН!!! Желеп-жебеп жатқайсың, жан-апа!

Айт-Ман.
25.12.24.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *