Қадыр ақынның туғанына 90 жыл толды
Қазақ поэзиясына өлшеусіз үлес қосқан ақын Қадыр Мырза Әлі тірі болғанда тоқсанға толар еді. Ол жазған жырлардың елдің жадына жатталып қалуы, өміршең болуы оның туған топырағынан болса керек. Мұзбалақ ақын атанған Мұқағали Мақатаев «Қадыр — найзағайлы ақын. Дәуірдің, уақыттың өзі жаратқан өміршең ақын. Оның поэзиясы — өзіміз сүйіп отырған дәуір мінездес» деп еді. Расында солай!
Ал, Қадыр ақын туралы өз естелігінде жарықтық Әбіш Кекілбаевтың «Қадырды білмейтін қазақ әсте жоқ. Қадырды әлі әріп танымаған бүлдіршін бөбектен бастап, әріпті көзілдіріксіз көре алмайтын қарияға дейінгінің бәрі біледі. Өзін білмесе де сөзін біледі» дегені бар.
Шынтуайтында Қадыр ақынды тану – қазақты тану. Өз халқыңды сүю өзгені мансұқтау емес, өз ұлтыңды ұлықтау. Ақын Күләш Ахметованың сөзімен айтсақ: «Қадыр Мырза Әлі – ұлт ақыны. Қазақ деген тегі мықты, тарихы бай, тағдыры күрделі, айтарын айта алған, сыншыл да ойшыл ақын».
Таулардың алыстаған сайын биіктей беретіні секілді Қадыр жазған дүниелер әлі де оқыла береді. Ол жазған жырларымен мәңгілік… Оның рухани қазынасы әлем әдебиетінің қорын байыта береді.
сурет ашық дереккөзінен алынды