Бәріне үлгеруге тырыстық…
…Көп басшыны көзіміз көрді. Көңілдің толғаны да гүлдей солғаны да бар. Десек те, олардың біреуін де Райымбек ағаның қатарына қоя алмас едім. Райымбек Сейтметов жастар театрының шын мәніндегі көшбасшысы бола білді. Одан кейін ол театрды басқарған басшылардың да өзінше жеткен биігі, алған асулары жеткілікті шығар. Әйтсе де олардың қай-қайсысы да ұжым алдында 1990-шы жылдары Р. Сейтметов шыққан абырой мен сенім биігіне көтеріле алмағанын іштей мойындаса керек. Мойындамаса өз соры. Театрдың ішкі-сыртқы жөндеулері ғимаратты көркейтіп, ұжым мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақсартқанымен, сол жылдары театрда қызмет атқарған жандардың ішінде театрдың рухани келбеті жарқырай нұр шашқан сонау бір кезеңін аңсамайтын адам кемде-кем шығар-ау, сірә. Жасыратын несі бар, сол кездегі театрдың қойылымына билет таппай сенделген көрермендер бұл күнде айтса нанғысыз аңызға айналды. Театрдың әрбір жаңа қойылымын асыға күтіп жүретін театр фанаттары көңілі қалып, алысқа безіп кеткендей. Оның себебі театр мен көрермен арасын жалғап тұратын көзге көрінбей, көңілмен ғана жалғасатын нәзік қарым-қатынас үзіліп қалған сияқты. Оны жалғау үшін өнердің шынайы жанашыры, ойдан қашқан, қырдан қашқан пысықайлар емес, өз әкесінен туған төл перзенті керек. «Өнерге бір кісідей-ақ еңбегіміз сіңді ғой» деп тамыр-танысты салып, немесе беделін салып ұжымның билігіне кім болса соның отыруы, бұл күнде Ұлы өнердің мәртебесін мүлде төмендетіп жіберді. Әсіресе театр ахуалынан, оның тағдыр-тарихынан еш хабарсыз жандардың қолына бекзат өнердің тізгінін ойланбай ұстата салу — тұлпарды қойшының астына беріп қор еткен немесе домбыра мен күректі ажырата алмайтын көрсоқырлықтың кейпіндегі тірлік. Мен жаманмын дейтін пенде жоқ. Бірақ, салыстырмалылық ақиқаттың бетін ашады. Ара-тұра театрдың қазіргі спектакльдерін көріп, оның ахуалына ой тоқтатып өткенімен салыстырып қарасам, айырмашылық өте үлкен. Қол жеткізген табыстары да, «әттеген-айы» да жетіп артылады. Техниканың соңғы жетістіктері түгел қолданыста, көрерменді үйіріп алудың мүмкіндігі шексіз-ақ, әйтсе де қойылымның ықтияттылығы мен сахнадағы актерлердің бойындағы өз ісіне деген сүйіспеншілік, ынта-жігер байқалмайды. Спектакльді тезірек ойнап бітіре салып, асығып тұрған негізгі мақсаты театр сыртында екенін аңғару қиын емес. Салсаң саусақ сыймайтын қабаттасып жатқан оқиғалар мен ойлардың тартысы емес, берекесіз шашыраңқы, әркім әр жаққа тартқан әңгіменің арасына түсіп қалғандай әсерде болып, ой түйіндеп сергіп емес, шаруаң шашылып қалғандай шаршап қайтар тұстарың болады. Сырттан сынаумен шектелмей, себебін анықтап, түзетуге ниет қылсаң айтылған ұсыныстарың қабылданбай күйдіреді. Көп жағдайда кінәні көрерменге аудара салатын әдетіміз бар. Одан қалса қоғамдағы әлеуметтік қиындықтарды тілге тиек етеміз. Оның бәрі нашар бишінің сылтауы сияқты бос әңгіме. Өйткені театр залы көрерменге сыймай, театр алдындағы халыққа бір-бірінен билет сұратып қойған аңызға бергісіз кездер 1983-1993 жылдардың арасы емес пе еді? Өнер түгілі, ішер ас, киер киім мұң болып, ескі құрсаудан жаңа босап, жаңаша тіршілік бастаған аумалы-төкпелі заманда халықтың көңілін жебеген, тың серпінмен жаңа дәуір есігін айқара ашқан осы қасиетті қара шаңырақ емес пе еді!? Театрдың болмашы жалақысына көңіліміз толмай, дубляжға, кинотүсірілімдерге, концерттерге, телеқойылымдарға біз шапқыламады ғой дейсіз бе? Біз бәріне үлгеруге тырыстық. Тек қазіргіден айырмашылығы сол, біз үшін бәрінен де маңыздысы театр болды, қасиетті сахнаны басқа ешнәрсемен салыстырған жоқпыз. Театр — ең қымбатымыз, алмастыруға болмайтын екінші отбасымыз болып қалды. Қандай жағдайда да оны биік қоятынбыз. Ол әрбір спектакльден көрініп тұратын. Сахнадағы қойылым құлықсыз қойылса, оны ойнап жүрген актердің ынтасы басқа жаққа алаң болса, ол спектакльді көруге келген көрерменнен не талап етуге болады? Ондай ұжымның жұмысы алға басып, көпшілік сүйіспеншілігін өзіне тартуы мүмкін бе? Сіз не дер едіңіз?
Байғали Есенәлиев, актер, «Қазақстан авторлары қоғамының» төрағасы