МӘМС жүйесінде бір адамға бір күнде 32 қызмет көрсетілген
Бүгін мәжіліс қабырғасында елдің ең өзекті мәселелерінің бірі — МӘМС жүйесі талқыланып жатыр. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаров жүйедегі кемшіліктер мен өзгерістер жайын мәжілісмендердің алдында баяндады. Өз кезегінде депутаттар да ұсыныстарын жеткізді. Ондағы олқылықтарды жіпке тізіп тарқатқандардың бірі мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.
Депутат қаржы табамын деп халықты алдап, мемлекет қаржысын ретсіз қолданып отырған медициналық ұйымдарға шүйлікті. Айтуынша, жалған құжат жасағандар жиіліп кеткен. Мәселен, стоматологтар тісі шықпаған бес айлық балаға да қызмет көрсеткен.
«МӘМС бойынша 5 айлық баланың тісін қаңғұрттан емдеген екен. Бес айында әлі тісі шықпаған баланың тісін қалай қаңғұрттан емдеуге болады? Бұдан да сорақы жағдай. Басқа бір адамның 82 тісі емделген екен және соған қаражат төлесін деп қорға тиісті есеп берген екен. Тағы да бір кейс. Бір күнде бір аурухана бір адамға 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысалдар өте көп. Неге? Өйткені МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен қосып жазуға итермелейді. Себебі қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ. Ал клиникалық протоколдар мен тиісті стандарттар бұлыңғыр және ашық емес», — деп атап өтті ол.
сурет: Kazpravda.kz
Сондай-ақ, емханалар жөнсіз тексеріс тағайындап, ретсіз қызметтер көрсеткен. Депутат мұны да қаржы табудың бір жолы деп атады.
«Бірақ енді қазір қарайтын болсақ, остеохондрозды анықтау үшін бір науқасқа рентген, компьютерлік томография, МРТ жүргізіледі. Себебі бұл ақша табудың «заңды жолы». Неғұрлым көп қызмет көрсетілсе, клиникалық соғұрлым көп пайда табады. Жалпы төлемдердің тек қана бір пайызына ғана тексеріс жүргізілгенге дейін кейбір клиникалар тәуекелдерден қорықпай, осындай шараларға баратыны түсінікті. Осындай бейберекетсіздік біреуге тиімді болып отыр ма деген де ой бізді мазалайды», — деді Мәжіліс депутаты.