Ақынның жаңа кітабы жарық көрді
Ұлттық кітапханада ақын, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржанның «Ағаштар үнсіз өседі» атты кітабының тұсаукесері өтті. Жиынға қоғам және мемлекет қайраткерлері, шығармашылық қауым өкілдері, ақын-жазушылар қатысты. Ақынның 70 жылдығына орай ұйымдастырылған шарада ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды.
«Өлеңсүйер қауым өзіңізді талғамы биік, тілі шұрайлы, ойы құнарлы, басқаға ұқсамайтын өзіндік көркем әлемі бар ақын ретінде жақсы біледі. Ғылым жолындағы баға жетпес еңбегіңіз, шәкірт тәрбиелеудегі ізденімпаздығыңыз әрдайым жоғары бағаланады. Танымы терең ғылыми еңбектеріңіз бен ақындық шеберлігіңіз арқылы ұлттық руханиятымызды байытып, өскелең ұрпаққа өшпес мұра қалдырып келесіз. «Ағаштар үнсіз өседі» атты жаңа еңбегіңіз ойлы оқырманның жүрегіне жол табатынына сенімдімін», – делінген құттықтау хатта.
Жаңа өлеңдер жинағы екі бөлімнен тұрады. Оған ақынның кейінгі жылдары жазылған шығармалары енген.