Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады
Ержан Сәденов:
Елдегі криминогендік жағдай және ішкі істер органдарының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру барысы жөнінде ақпарат берді;
елімізде қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде былтыр қылмыс саны 12,7 мыңға азайғанын баяндады: – соңғы жылдары қылмыс деңгейінің, әсіресе, кісі өлтіру, қарақшылық, тонау мен ұрлық сияқты аса ауыр қылмыс түрлері көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендеуі байқалады; – тергеудің заманауи әдістерін енгізу арқылы қылмыстың барлық санаты бойынша ашылуы жақсара түскен;
Қылмыскерлерді іздестіру жұмыстарының нәтижесі туралы айтты. 2024 жылы полиция іздеуде жүрген 1949 адамды ұстаған; ұйымдасқан, кибер және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі Президент тапсырмаларының орындалу барысын таныстырды: – ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін 264 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған; – соңғы 12 айда есірткі таратуға қатысты ақпарат жариялаған 7500-ге жуық интернет-ресурс анықталып, 22 тоннаға жуық есірткі айналымға жіберілмеген, 64 есірткі зертханасы жойылған; – интернет-алаяқтардың 65 миллион қоңырауы бұғатталған. Нөмірлерді ауыстыруға арналған 48 SIM-box құрылғысы әшкереленген. Алаяқтардың 2 миллиард теңгеден астам қаржыны елден шығаруына жол берілмеген;
Кәмелет жасына толмағандардың құқықтарын қорғау, көші-қонды бақылауды күшейту, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы хабардар етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді.