Мемлекет басшысы Тәжікстанның Сыртқы істер министрін қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинді қабылдады. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Кездесуде Президент Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағыт бойынша оң қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтіп, стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтудың мәні зор екенін айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы былтыр қол қойылған Одақтастық қатынастар туралы шарт Астана мен Душанбенің сан қырлы және табысты ынтымақтастығының маңызды кезеңі болғанын еске салды.
– Біз Тәжікстанмен достыққа құрылған қатынастарды жоғары бағалаймыз. Екі елдің арасында шешімін таппаған ешқандай мәселе жоқ. Қазақстан жұртшылығы бауырлас тәжік халқына ерекше ықылас танытады. Елдеріміз әрдайым бір-біріне қолдау көрсетіп келеді. Бұл екіжақты байланысты белсенді дамытуға ұмтылысымыздан да байқалады, – деді Президент.
/сурет ашық дереккөзден алынды