«AMANAT»: «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫНЫҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ
Ел Президенті қолдаған партиялық жоба өткен жылы жалпыхалықтық деңгейге көтерілді. Еліміз бойынша 750 мың, Сыр өңірі бойынша 11210 азаматқа қолда бар қаражатқа өмір сүру, қажетсіз несиеден бас тарту жолдары үйретілді. Қарызға белшеден батып, үмітін үзгендерге нақты қолдау көрсетуге бағытталған жоба биыл да жалғасын тауып, бүгін 17 ақпаннан бастап еліміздің барлық аймақтарында оқу курстары басталды.
Оқу курсаты жоспар бойынша өңірдің барлық аудандарында жүргізіледі. Бұл аптада Қызылорда облысы бойынша Қызылорда қаласы,Жалағаш және Шиелі аудандарында жүргізілуде.
Биылғы жылғы оқулардың басты ерекшелігі оқыту офлайн және онлайн жүргізіледі және оған тек 90 күннен астам берешегі бар азаматтарға басымдық берілетін болады.
«Ақпараттарға сүйенсек, облыста 90 күннен астам берешегі бар азаматтар саны 75 824 құрайды. Биыл олардың 30 пайызы, яғни 22 800-і оқыталды. Оның 6 840-ы оффлайн, 15 960-ы онлайн форматта оқытылатын болады.
Бұл оқу семинарлары аясында азаматтардың қаржылық біліктілігін арттырумен қатар, қарызын заң аясында реттеуге, яғни қарызын қайта құрылымдау, аресттен шешу, банкроттыққа тапсыру секілді құқықтық көмектер көрсетіледі және бұл қызметтердің барлығы ақысыз, тегін негізде жүргізілетін болады»,- дейді партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов.
Оқу курстарын оларды былтырдан бастап арнайы дайындықтан өткен, тәжірибелі эксперттер жүргізуде.
Анықтама үшін: Жобаға қатысуға ниетті азаматтар қала/аудан әкімдіктеріне немесе «AMANAT» партиясының қалалық/аудандық филиалына хабарласып, сондай-ақ, qogamfin.kz сайты арқылы да онлайн тіркелуге болады.
Дамир АМАНГЕЛДІ