ХАСАН-ТЕМІР ЕКЕУІМІЗ (4)
Бүгін Хасан-Темір екеуміз Көкталдағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінде жоғарғы класc оқушыларымен кездесуге бардық.
Акт залы оқушыларға толы болды. Хасан-Темір поэзиямен, мен прозамен аттың басын жібердік дегендей ғой)
Біздің де жазу-сызу, жұмыс шаруамыз көп қой. Бірақ, арасында уақыт табу керек. Басты мақсатымыз – мектеп бітіретін балаларға шамамызша бағыт-бағдар беру, қолымыздан келгенше рухын, тарихи санасын ояту, қазақ тілінде сайрайтын ұлтшыл балаларды көбейту. Ол үшін тынбай жұмыс істеп, кездесулерді көп өткізіп, шәкірт ұстау. Алдыңғы буын сияқты біз де бір күндері орын босатамыз. Сол кезде ізімізді басар оғыландар көптеп шықса дегенді үнемі ойлаймын.
Марқұм Ербол Іргебай ағамыздың заманында сол кісінің, өзге де азаматтардың күш салуымен біраз істің басы қайырылыпты. Ерболдай аяулы ердің өшпес ізі Астананың біраз жерінде сайрап жатыр.
Бұл мектепте Ербол ағам құрған Әлкей Марғұлан музейі бар. Онда ғұлама ғалымның тұтынған заттары мол екен. Өзі қолданған жазу үстелі, кітап сөрелері, диван, шабадан, киімдері, ыдыстары, т.б.
Мектеп басшылығы да, ұстаздар да Ерекең салған жолға лайық дейтіндей. Түрлі олимпидаларда мұғалімдер мен оқушылардың жеткен жетістіктері көп-ақ. Ендігі істеріне табыс тілей отырып, «Тағы келеміз, келсек жалғыз-жарым келмейміз, астаналық арқар мүйіз ағаларыңды кездесуге әкеліп тұрамыз» дестік…
Ұларбек Дәлейұлы, жазушы