БҚО Ақжайық ауданында Наурыз-шеруі өтті
Ұлыстың Ұлы күні Әз-Наурыз биыл Ақжайық ауданында бүкілхалықтық сипат алды. Оны мерекеге орай аудан орталығы Чапаев ауылында өткен шеруге жиналған халық қарасынан-ақ байқауға болады.
Кимешектегі әже, шапанды ата, ұлттық киім киген қос бұрымды қыз, тұлымды ұл – бәрі де осы жарасымды шеруде жүр. Бұл шараның бір ерекшелігі – сапқа тұрып, ауыл көшелерімен жүріп өткен шеруге тек мекеме-ұйым ұжымдары емес, қарапайым ауыл тұрғындары отбасыларымен, немере-шөберелерін жетектеген ата-әжелер қатысты. Бәрінен бұрын осында жиналған адамдардың жарқын жүздерін айтсаңызшы, бір-бірімен көрісіп, «Ұлыс оңынан болсын! Жылан жылы тек жақсылығымен келсін!» деп ақ тілегін ақтарып, арқа-жарқа.
Қазақтың ұлттық киімін киіп, шеруге шыққандардың славян халықтарының да өкілдері табылды. Солардың бірі – «Радуга» славян ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Валентина Боричевская.
– Отанымыз ортақ, мереке де бәрімізге ортақ. Бүгін Наурыз-думанды немереммен бірге тамашалауға келдім. Халқымыздың бірлігі мен берекесін айшықтайтын мереке ізгілікке, татулыққа шақырады деп білемін өз басым. Өкпе-реніштің бәрі ескі жылда қалып, келер жыл елімізге молшылық, береке, ырысын алып келсін, – деп тілейді ол.
Наурыз-думан өтетін орталық алаңға «Ақжайық» әнін әуелетіп шеру келгенде, жайлауға көрік берген көш-керуен жеткендей әсер қалдырғаны анық. Осылайша бұл да Наурыз шуағын еселеген сұлу көрініске айналды.
Орталық алаң да әдеттегіден өзгеше жайнап тұр. Ғасырлар қойнауынан жайлауға қоныс тепкен бір ауыл оралғандай. Алаңға жиылған көпшілікке сан бояулы, сан қырлы театрландырылған мерекелік қойылым ұсынылды. Күн мен Түннің бір-бірімен есендесіп, қауышуынан кейін бауырындағы барша перзентіне Жер-Ана тебірене тұрып бақ тіледі, тыныштықты, бейбітшілікті аялауды аманаттады. Наурыздың құдіретін айшықтаған осы көрініспен Қыдыр атаның көпшілікке «Алаш жұртының айын оңынан туғыз. Төрт құбыласын тең қылып, төбедегісін келтір. Есесін жібермейтін еңсегей қыл!» деген батасы керемет үйлесіп, Наурыз лебі алаңды желпіп-желпіп өтті.
Мерекелік шарада «Назқоңыр» фольклорлық ансамблі, аудандық саз мектебінің ұжымы, «Раздолье» славян хоры, Азамат Ізтілеу, Эльмира Ермек, Венера Нұрғалиева, Әнуар Нұрғалиев, Ерке Бақтиярова, Рысбек Жанайысов, өзге де көркемөнерпаздар ән-биімен көрермендердің көңіл-хошын серпілтті.
Әлия Шарапиева