Қостанайда «Мерзость Костанай» атты әлеуметтік желідегі арна қоғамда үлкен талқыға түсті. Ата-аналар жасөспірімдердің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жазбаларға байланысты полицияға шағымданды.

Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, «Кибербақылау» жүйесі арқылы бұған дейін бұл арна төрт рет бұғатталған. Бүгінгі таңда облыстық прокуратура және білім басқармасымен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде оқушылар мен студенттердің аталған чаттан шығуы қамтамасыз етілді.

— Қазіргі уақытта интернет-платформалар арқылы жалған ақпарат тарату фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. Мұндай құқық бұзушылық үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкелуі мүмкін, — деді Қостанай облысы ПД бастығы Ерлан Файзуллин.

Жедел қызметкерлер арнаны басқаруға қатысы болуы мүмкін 15 жастағы Қостанай тұрғынын анықтады. Қазіргі таңда ол іске куәгер ретінде тартылып отыр. Алайда, оның әрекеттері тергеу аясында мұқият қарастырылатын болады. Сонымен қатар, полиция құқық бұзушылыққа қатысы бар барлық тұлғаны анықтау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жалғастыруда.

Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желілер бір жағынан қарым-қатынас пен ойын-сауық құралы болса, екінші жағынан зиянды контент тарату алаңына айналуы мүмкін. Осыған байланысты, ата-аналарға балаларының интернеттегі белсенділігіне ерекше назар аудару ұсынылады.

— Балалардың интернетте қауіпсіздігін қамтамасыз ету — ең алдымен ата-аналардың жауапкершілігі. Олардың қандай ақпарат тұтынатынын және кіммен байланысатынын қадағалап отыру маңызды, — деді Ерлан Файзуллин.

Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ, Қостанай облысы

/Суреттерді Қостанай облыстық ПД баспасөз хатшысы ұсынды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Басты жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *